Бәйдібекте балық өсіру бұғатына 50 мың шабақ жіберілді

860
Бәйдібекте балық өсіру бұғатына 50 мың шабақ жіберілді

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бәйдібек ауданында Шаян өзенінің жағасынан жасалған балық өсіру бұғатына 50 мың шабақ жіберілді.

Шаян өзенінің жағасынан 5 гектар жер алған жеке кәсіпкер Е.Шынқожа онда үш балық өсіру бұғатын салыпты. Ал мұнда сазан мен тұқы балықтарының шабақтарын жіберу шарасына Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Н.Айтбеков, ауыл округтерінің әкімдері, бөлім басшылары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ауыл ардагерлері қатысты.

Бәйдібекте балық өсіру бұғатына 50 мың шабақ жіберілді

Аталған үш бұғаттың жалпы сыйымдылығы – 500 мың балық. Жергілікті 7 адам жұмыспен қамтылған. Бәйдібектік кәсіпкер енді 5 гектар жердің аумағына жасыл желек егіп, су бұрғақ орнатуды және демалыс аймағының құрылысын жүргізіп, келесі жылы пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Бұл – балық шаруашылығын дамытуды қолға алған Бәйдібек ауданындағы үшінші балық шаруашылығы. Бұған дейін 2015 жылы «КазГолдФишт» ЖШС «Досан-Қарабас» су қоймасына 700 мың сазан, ақ, қара амур балықтарын жіберсе, 2017 жылдың мамыр айында «Нұр-Ай» шаруа қожалығы Бөген өзенінің жағасынан арнайы бұғат жасап, сазан, ақ амур мен карас балықтарының 8 мың шабағын жіберген болатын.

Бәйдібекте балық өсіру бұғатына 50 мың шабақ жіберілді

Статистика бойынша су қоймаларына жіберілген  шабақтардың 70-80 пайызы әрі қарай өсіп жетіледі екен. Балықтың бұл түрлерін су айдындарына жіберу көктем және күз айларында жүзеге асырылады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі