«Мемлекеттік қызметке тамыр-таныс арқылы орналасу мүмкін емес»

Мемлекеттік қызметке тамыр-таныс арқылы орналасып, бірден басшы болу мүмкін емес. Күшейтілген үміткерді іріктеу сынақтарын тәуелсіз бақылаушылар қадағалайды. Мемлекеттік қызметтің мансаптық моделі қолға алынғалы командалық ауысу да азайды дейді жауаптылар. Демек, бұрын басшылар өздерінің сенімді адамдарын жоғары лауазымды қызметке тағайындап келген болса, қазір мансаптың өсуі төменгі қызметтен басталады. Мемлекеттік қызметке сенімді арттыру үшін енгізілген жаңа жүйенің артықшылықтарын бүгін тілшілерге мемлекеттік қызмет істеру және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Әли Көмекбаев жіті әңгімелеп берді.

Мансаптық модель енгізілгелі қызметшілердің командалық ауысуы 4 есеге төмендепті. Мәселен, 2015 жылы 900-ге жуық адам мемлекеттік қызметпен қоштасса, былтыр 200-дей маман жұмыстан кеткен. Былтыр мансаптық өсу негізінде лауазымында жоғарылағандар саны бұрнағы жылмен салыстырғанда 12 пайызға артқан болса, ауысу тәртібімен тағайындалу көрсеткіші 58 есеге кеміп отыр дейді департамент басшысы.

Әли Көмекбаев, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы: «Бұрын жаңа басшы келсе, өз командасымен келетін. Қазір ондай жоқ. Мамандардың ауысу тәртібі 8-9 пайыздан аспауы керек.»

Сондай-ақ әдеп жөніндегі кеңес төрағасы шенеуніктердің рушылдық деңгейін анықтау үшін сынақ тапсырғанын да жоққа шығарды. Тест тапсырушылардың сөзіне сүйенген кей БАҚ деректеріне сенсек, Б» корпусындағы мемлекеттік қызметкерлерге қойылған 200 сұрақтың арасында «Туысыңды қызметке орналастыруға қол ұшын берер ме едің?» деген сұрақ болған. Алайда, Көмекбаев мырза даулы сауалды былайша түсіндіріп берді.

Әли Көмекбаев, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы: «Туысыңды қызметке орналастыруға қол ұшын берер ме едің?» деген сұрақтың үш жауабы бар — «Иә», «Жоқ», «Қолым бос емес». Негізінде бұл қызметкерді адамгершілік тұрғыдан тексеру болып табылады.»

Айта кетейік, бүгінде облыста 9 мыңға жуық мемлекеттік әкімшілік қызметшінің 6 жарым мыңы кешенді аттестациядан өтуде. Қазіргі таңда тестілеу кезеңі толықтай аяқталды. Нәтижесінде 27 пайызы «өте жақсы», 69 пайызы — «тиімді», 3,3 пайызы «қанағаттанаралық», 0,3 пайызы «төмен» деген нәтиже көрсетіпті.

Мақпал Рысбаева