Оңтүстік Қазақстан облысында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 66 үй пайдалануға беріледі. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте Қазақстанның тұрғын үй құрылысы-жинақ банкінің Оңтүстіктегі филиалының директоры Қасымбек Маликов мәлім етті.
Банк өкілінің айтуынша, облыста мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы екі бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Біріншісі — жергілікті әкімдік арқылы салынатын үйлер болса, екіншісі — «Бәйтерек Девелопмент» акционерлік қоғамы арқылы салынатын үйлер.
— Мысалы, биыл әкімдік арқылы жалпы аумағы 31,6 мың шаршы метр болатын, 558 пәтерлік 11 үй тапсырылады. Ал «Бәйтерек Девелопмент» акционерлік қоғамы бойынша 180 мыңнан астам шаршы метр болатын баспана тапсырылмақ. Ол — 3086 пәтерлі 55 үй. Осылайша 2018 жылға дейін «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша банк желісімен облыста 226,2 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек, — деді Қ.Маликов.
Сонымен қатар биылдан бастап мемлекеттің барлық тұрғын үй бастамалары «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзе асады. Аталған бағдарлама 5 негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Соның ішінде Тұрғын үй құрылысы-жинақ банкі несиелік баспана бағытын жүзеге асырады және жеке тұрғын үй құрылысын несиелендіреді.
Брифингте мәлім болғандай, биылғы 3 сәуірден бастап банктің директорлар кеңесінің шешімімен тұрғын үй құрылыс жинақтары шартын жасағаны үшін және шарттық соманы арттыру үшін алынатын комиссия көлемі 0 теңге болып бекітілді.
Еске сала кетейік, бұрын аталмыш қызметтер үшін алынатын комиссия көлемі шарттық соманың және депозиттің арттыру сомасының 0,55% құрайтын.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі