Оңтүстікте пиязды кептіру цехы іске қосылмақ

342

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ордабасы ауданында кооперативтер құру ісі қарқын алуда. Жергілікті «Март» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі пияз кептіру цехын іске қосып, осы өнімді өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарының басын біріктірмек. Ондағы мақсат – пияз өнімін ысырапсыз жинап алып, уақытылы саудалап, жарамсыз күйге түскендерін кәдеге жарату.

Кәсіпкер цехтың құрал-жабдықтарын «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы лизингке сатып алмақ. Кәсіпорынның ерекшелігі – нарықта сұранысқа ие болмай, қалдыққа айналған, даладан жинап алуға да жарамай қалған өнімдерді кептірумен айналысуында. Енді диқандар пиязды нарыққа шығарумен қоса олардың жарамайтындарын «Март» кәсіпорнына жеткізіп беру арқылы қалдықсыз әрі қосымша пайдамен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады. Оған қоса шаруалардың бірігіп жұмыс жасауының нәтижесінде кооператив құрылып, шағын шаруа қожалықтары ірі кәсіпорынға айналады.

Айта кету керек, Ордабасы ауданындағы диқандардың негізгі бөлігі пияз өсірумен айналысады. Осыған орай ауданда «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы өкілдері кооператив құруға ниетті шаруалардың басын қосып, семинар-тренинг өткізді.

Өз кезегінде «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Мамыров кооператив арқылы біріге жұмыс жасаған шаруаларға мемлекет тарапынан көптеген жеңілдік пен несие алудың жолдарын түсіндіріп берді.

– Кооперативтерді қаржыландыру бізде басым бағыт ретінде қаралып отыр. Егер бірігуге ниетті шаруа қожалықтары болса, бізден кеңес алуына болады. Сондай-ақ, біздің орталық бизнес-жоспар әзірлеу, құжат жинау секілді маңызды шаруаларға қол ұшын бере алады, – деді Дәулет Мамыров.

Сондай-ақ сөзге шыққан кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының маманы ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрудың негізгі артықшылықтарына тоқталып, ой бөлісті.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі