Шымкентте шығармашыл жас буынға жол ашатын «Шырайлы Шымкент» республикалық байқауы басталды. Байқау мектеп оқушыларының арасында өткізіледі. Шарт бойынша қатысушылар Шымшаһар жайлы эсселерін ұсынады. Жарыс Шымкент қаласын көпшілікке таныту, сондай-ақ, қаламгер жас буынның талабын ұштауды мақсат етеді. Шараны ұйымдастыруды «Жас кәсіпкер» бірлестігі қолға алған.
1 сәуірден 15-не дейін оқушылардың жұмыстары қабылданады. Келесі бір ай көлемінде олар қазылар алқасының қарауында болады. Қатысушылардың туындыларын бағалайтын қазылар арасында «Отырар» телеарнасының бас редакторы Зәуре Оралбаева да бар.
Байзахова Сабира, «Жас кәсіпкер» қоғамдық бірлестігінің жоба үйлестірушісі: «Байқаудың ережесі бойынша мектеп жастарына, оның ішінде 8-11-сынып оқушыларына байқауға қатысуға рұқсат берілген. Жұмыстар ғаламтордан алынбау керек. Осы тұстан қатаң қадағалау болады. Жастар өз тілімен жазып шығулары керек. Өткен жылы бізге 311 жұмыс түсіп, 20-сы жеңімпаз атанды. Оның ішінде 15-і өзге қалалардан болса, 5-і — күнгейлік балалар».
Ал биылғы жеңімпаздардың тізімі 18-20 мамыр күндері жарияланады. Ең үздік 20 шығарма иесі қаламызбен қоса Отырар, Түркістандағы киелі орындарға саяхат жасауға жолдама алады.