Қазақстанда қалалар мен елді мекендерді көркейтудің жаңа үлгілік қағидалары бекітілді. Мақсат — қала тіршілігін жайлы, қауіпсіз және табиғатқа зиянсыз ету. Жаңа талаптар елді мекендерді жан-жақты дамытуды, өмір сүру сапасын көтеруді, жерді тиімді пайдалану мен қоршаған ортаны сақтауды міндеттейді.
Енді елімізде көшелер мен қоғамдық орындарды жобалағанда жаяу жүргіншілерге, велосипедшілерге және қоғамдық көлікке басымдық беріледі. Сондай-ақ қаланың арық жүйесін – инфрақұрылым мен экологияның маңызды бөлігін – сақтап қалуға және жетілдіруге ерекше назар аударылады.
Жаңа қағидалар абаттандыру нысандарын жобалау, тұрғызу және күтіп ұстаудың ортақ тәртібін белгілейді. Барлық тұрғындар, әсіресе жүріп-тұруы қиын жандар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта құру басты назарда. Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігі мен табиғатты қорғау нормалары қатаң талап етіледі.
Бұл құжат елді мекендердің тарихи бет-бейнесі мен табиғи мұрасын сақтап, қоғамдық орындарды жаңартып, заманауи кейіпке келтіруге бағытталған.
Жаңа стандарттар енгізілсе, қалалар мен ауылдар тұрғындар үшін неғұрлым қолайлы болып, абаттандыру сапасы артады, ал аймақтардың дамуы бірқалыпқа келеді деп күтілуде.
Ботакөз Әнуар






