Қытайлық инвесторлар Түркістан облысына қызығушылық танытуда. Ухань қаласында өткен кездесулерде жаңа өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Тіпті өңірде болат конструкциялар шығаратын зауыт салу жоспары да таныстырылды. Қытаймен әріптестіктің жаңа мүмкіндіктері қандай? Түркістанға тартылатын инвестиция көлемі қанша? Толығырақ алдағы сюжетте.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған делегация Қытайға жұмыс сапары жалғасып жатыр. Бұл жолы Хубэй провинциясындағы Ухань қаласында бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Ухань – Қытайдың ірі экономикалық және өнеркәсіптік орталықтарының бірі. Кездесуде аймақтың инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Қытайлық компаниялармен ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек бастаған делегация Хубэй халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығының басшылығымен кездесті. Оған Қытайдың өнеркәсіп, құрылыс, көлік-логистика және инфрақұрылым салаларындағы ірі компания өкілдері қатысты. Тараптар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарады. Әсіресе, «Бір белдеу – бір жол» халықаралық бастамасы аясында жаңа жобаларды іске қосуға, аймаққа инвестиция тартуға және заманауи технологияларды енгізуге басымдық берілді.
Қытайлық инвесторлар болат конструкциялар шығаратын өндіріс орнын ашу жобасын таныстырды. Компания көпір тіректеріне арналған болат құбырлар, микротоннель жүйелері, дренаждық құрылымдар, түрлі металл конструкциялар, өнеркәсіптік нысандарға қажетті бөлшектер мен модульдік тұрғын үйлер өндіреді. Инвесторлар өңірде өндірістік алаң ашу мүмкіндігін қарастырып, жергілікті кәсіпорындармен әріптестік орнатуға қызығушылық танытты.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында жалпы құны 148 миллиард теңгені құрайтын Қытайдың 17 инвестициялық жобасы жұмыс істеп жатыр.
Дилара Иса






