Úı ANONS Тарковский, Сокуров және Смағамбетов: Италияның ең көне арт-фестивалінде қазақ суретшісі топ жарды

Тарковский, Сокуров және Смағамбетов: Италияның ең көне арт-фестивалінде қазақ суретшісі топ жарды

фото МжАМБҚ

 

Қазақстандық заманауи өнер шебері Мансұр Смағамбетов әлемдік арт-кино тарихына өз есімін алтын әріппен жазды. Оның Parsifal атты екіканалды видеоинсталляциясы Италияда өткен 42-ші Asolo Art Film Festival (AAFF) халықаралық кинофестивалінің Video Art номинациясында бас жүлдені жеңіп алды. Киноөнер додасының марапаттау рәсімі 14 маусым күні аңызға айналған «Дузе» театрында өтті. Бұл – қазақ өнерінің итальяндық Азоло төріндегі тұңғыш тарихи жеңісі.

1973 жылы ЮНЕСКО-ның қолдауымен негізі қаланған Азоло кинофестивалі –атақты Венеция биенналесінің бастауынан нәр алған, жарты ғасырдан бері әлемдік авангард өнердің бағыт-бағдарын айқындап келе жатқан бірегей алаң. Кезінде бұл сахнада Андрей Тарковский («Андрей Рублёв» туындысымен) Гран-при еншілесе, Элеонора Дузе атындағы арнайы жүлде Ингрид Бергманға бұйырған, ал фестивальдің құрметті қонақтарының қатарында Йоко Оно болды. Бертін келе, 2023 жылы Gran Premio Asolo сыйлығын әйгілі Ресей режиссері Александр Сокуров иеленген еді. Смағамбетовтың бұл жеңісі – қазақ заманауи өнерінің әлемдік классикамен терезесі тең екенінің айқын дәлелі.

Биылғы бәсекенің жүгі ауыр болды, халықаралық қазылар алқасы әлемнің 60 елінен келген 600-ден астам өтінімді саралады. Ресми көрсетілім бағдарламасына тек 92 жұмыс іріктеліп алынып, соның ішінде тек 10 туынды ғана жүлдеге лайық деп танылды.
Parsifal жобасы – экологиялық апат, тарихи жады және ғарыштық таным тоғысындағы терең философиялық толғаныс. Туындының түсірілімдері 2023 жылы Семей өңірінде 14 орманшының өмірін қиған алапат өрттің орынында өткен. Сұрқай тартқан, күлге айналған орман бейнесі суретшінің қолында Рихард Вагнердің классикалық операсын тәңірлік космология призмасы арқылы қайта пайымдайтын постапокалиптистік ландшафтқа айналған.
Батыс мифінің сызықтық уақыты мен көшпенділер мәдениетінің циклі (айналмалы уақыт шеңбері) арасындағы қақтығыс – ондаған жылдар бойы Семей ядролық полигонының зардабын тартқан аймақтың экологиялық жадын деколониалды (отарсыздану) тұрғыдан қайта қорытудың қуатты метафорасы іспетті.
Суретші бұл жерде қасіретті жалаң бейнелемейді, ол Семей топырағындағы бірнеше қабатты зауалдың (ядролық сынақ пен орман өртінің) ішкі зарын өнер тілімен сөйлетуге тырысады.
«2023 жылы Семей іргесіндегі орманда өрт сөндірушілер қаза тапты. Бұл қайғылы оқиға ондаған жылдар бойы ядролық сынақтар жүргізілген, зардабы әлі тарқамаған аймақта болды. Мен үшін қасіретті құр суреттеп қана қою маңызды емес еді. Мені мазалаған сұрақ: бір-бірінің үстіне қабатталған бірнеше апаттың зардабын арқалаған мекен туралы біз қалай сөйлесуіміз керек? Parsifal жобасы – дәл осы күрделі құбылыстың тілін табуға ұмтылу. Батыстық та, советтік те емес – жеке өзіміздің, төл тілімізді іздеу» – деп өз өйымен суретші Мансұр Смағамбетов бөлісті.

Ауқымды жобаның артында мықты отандық шығармашылық топ тұр, атап айтсақ, композитор Эльдар Таги, қоюшы-оператор Жанайдар Мапан, «Астана Опера» театрының жетекші басы Евгений Чайников, Абай атындағы опера және балет театрының солисі Наргиза Мирсеидова, сондай-ақ Алматы мен Семейден жиналған перформерлер (Екатерина Сайфутдинова, Алуа Бекенова, София Плотникова, Әлімгер Сүлейменов, Берік Ахметжанов және т.б.).

Азолодағы бұл жеңіс суретшінің тағы бір ірі халықаралық жетістігімен тұспа-тұс келді. Дәл қазір Мансур Смағамбетов әйгілі Венеция биенналесіндегі Қазақстанның ұлттық павильонында «Қоңыр: Үнсіздік мұрағаты» жобасы аясында «Балалық шақ үні» атты еңбегімен ел намысын қорғап жатыр.

Asolo Art Film Festival төріндегі бұл баға жетпес жеңіс – Семей өңірінің бастан кешкен қасіреті мен біздің төл болмысымыз шынайы өнер тіліне айналғанда, әлемдік деңгейде қалай жаңғыра алатынын көрсетті. Мансұр Смағамбетовтың қолтаңбасы арқылы қазақ заманауи өнері бүгін жаһандық мінберде асқақ әрі өзекті естіліп тұр.