Биылғы Рамазан айы 29 күнге созылады

Исі мұсылман қауымы үшін ерекше орны бар Рамазан айы биыл 27 мамырда басталмақ. Мұсылман жұртын құлшылыққа құлшындырған Рамазан айының құрметіне орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының күнгейдегі өкілдігінде баспасөз мәслихаты өтті. Дін өкілдері аптап ыстыққа сәйкес келіп отырған Оразаның ерекшеліктерін тарқатып, көпшілікке түсіндіріп өтті.

Жылдағыдай емес, биыл Ораза айы 29 күн болмақ. Әрі ауыз бекітетін уақыттың ұзақтығымен де есте қалмақ. Таңғы сағат 4-тен кешкі сағат 20:50-ге дейін созылатын ауыз бекіту ұзақтығы 17 сағатты құрап отыр. Төзім мен шыдам сынға түсіп, сыналар сәтке де аз уақыт қалды.

Ахметжан Керімбек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ОҚО бойынша өкіл имамы: «Қасиетті Рамазан айы баршамызға құтты болсын! Биылғы рамазан айы 27 мамыр күні басталады. Маусым айының 21-інен 22-сіне қараған кеш Қадір түні, ал маусым айының 25-і – Ораза айты деп белгіленіп отыр.»

Биылғы пітір садақасы жан басына 300 теңге деп белгіленіп отыр. Имамдардың айтуынша, биыл фидия садақасы туралы сұраушылар көп көрінеді. Яғни, қарттығына байланысты, жүктілігіне, денсаулығына байланысты ауыз бекіте алмаған жандар фидия садақасын беруіне болады. Бұл садақа ораза тұтқан адамның таңғы сәресі менен кешкі ауызашарының тамағының көлемімен есептеледі екен. Жергілікті ғалымдарымыз оның көлемін 500 теңге деп есептеп те қойыпты. Сол қаржыны 30 күнге көбейтіп, аталған садақаны беруіне болады…

Баспасөз мәслихаты барысында бұған қоса ғұламалар кеңесінің, ақпарат насихат тобының мүшесі болған, осы салаға көп еңбек сіңірген Әбсаттар Смановқа арналған «Ұстаз ұлағаты» атты кітаптың тұсаукесері болды. Сондай-ақ, жуырда ғана діни өкілдік Құран аяттарын жатқа айтатын қарилар жарысын өткізген болатын. Бас жүлдегерге үлкен қажылыққа жолдама беріліп отыр.

Биылғы Рамазан айы 29 күнге созылады

Нұржан Арыстанбекұлы, дінтанушы: «Негізі мақсатымыз – діни тұрақтылықты қамтамасыз етуде, мемлекетіміздің өркениетке жетуіне Рамазан айының үлкен үлесі бар. Тек ғибадат айы ғана деп қабылдамауымыз керек. Мен диета ұстап жүрмін деген ойдан аулақ болуымыз керек. Рамазан адамзат баласын, қазіргі қоғамда болып жатқан мәселелердің бәрін қамтиды. Сабыр сақтау, біреу туралы жақсы ойлау сияқты игі істердің бәрі осы Рамазан айының ішінде жатыр.»

Ислам әлемі үшін береке мен ырысқа толы, он екі айдың сұлтаны саналатын Рамазан айының басталуына да санаулы күндер қалды. Бұл күндері мұсылман қауымның басты парызы – Ораза ұстап, құлшылықпен өткізу Алланың құлдарына жазылған үлкен сауап екені сөзсіз.

Гүлжан Көшерова