Шымкентте «Колос» маңындағы ретсіз тұрақтың мәселесі шешілді

449
Шымкентте "Колос" маңындағы ретсіз тұрақтың мәселесі шешілді

Шымкентте «Колос» маңындағы ретсіз тұрақтың мәселесі шешілгендей. Қазіргі таңда «Көмеш бұлақ» базары («Колос» дүкені) маңында Өзбекстан шекарасы жаққа жол жүретін көліктер үшін тұрақ жасалған.

Айта кету керек, «Көмеш бұлақ» базары маңындағы бұл ретсіз тұрақ жақында пайда болған жоқ, бұрыннан келе жатқан проблема еді. Жергілікті атқарушы билік өкілдері мен полицейлер осы маңдағы ретсіздікті жою үшін үнемі рейдке де шығатын. Дегенмен, бұл іс-шараның барлығы, тіпті, көліктерді ақылы айып тұрағына алып кету де мәселені шеше алған жоқ.

Енді бұл өзекті мәселені Шымкент әкімі басқаша шешпек. Дәл осы аймақта көлік тұрағы салынатын болды.

— Осы шешіммен аялдама маңында 6 көлікке арналған шағын тұрақ салынды, — дейді қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің мамандары. — Айта кетейік, оның құрылысына қала бюджетінен бір тиын да бөлінбеді. Көлік тұрағы «13-регион таксиі» компаниясының демеушілігімен салынып отыр. Енді тұрақтағы тәртіппен дәл осы компания айналысады.

Яғни, көлік иелерінің тұрақтан орын алу кезегі осылайша реттелмек.

— Базардың арғы бетінде кең орын бар. Таксистер сонда тоқтап, одан кейін, өз кезегі бойынша шағын тұраққа келе береді, — деп қосты көлік бөлімінің шенеуніктері.

Фото — Шымкент қаласының әкімінің баспасөз қызметі