Байтұрсынов көшесіндегі жөндеу жұмыстары 1 қазанға дейін аяқталады. Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің мамандары хабарлағандай, бұл көшеде ұзындығы 5,2 шақырым болатын жылу құбыры желісін толығымен ауыстыру көзделген.
Шіріген құбырлардың орнына жаңа, тот басуға қарсы май жағылғандары орнатылады. Олар шығынды аз шығарады, тот баспайды және ең бастысы — тесілген кезде хабар беретін құрылғылар орнатылған дейді мамандар. Осылайша алда-жалда құбыр жарыла қалса бүкіл жолды қопарудың қажеті болмайды.
Осы тұста айта кету керек, 15 мамырда басталған жөндеу жұмыстары 1 қазанға дейін созылады. Бұл жұмыстары «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында мердігер «Сити-строй» ЖШС атқаруда. Жобаның жалпы құны — 937 млн теңге.