Оңтүстікте өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінің селекторлық режимдегі кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Күн тәртібінде 2017 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен бюджеттің атқарылуы және «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалу барысы қаралды.
Жиындағы алғашқы тақырып – 2017 жылдың 1 маусымына өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы баяндама жасап, саладағы атқарылған жұмыстарға есеп берді. Арман Сәбитовтың айтуынша, жыл басынан бері 5 айда күнгейдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 307,1 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,8 пайызға төмендеген. Өнеркәсіп өнімі облыстағы кен өндіру өнеркәсібіндегі уран өндірісінің 4,4 пайызға азаюынан болып отыр. Ал ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 112,8 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 пайызға артыпты. Сонымен қатар тиісті мерзім ішінде облысқа 137,5 млрд теңге инвестиция бағытталып, өткен жылдың тиісті кезеңінен 46,4 пайызға көбейген.
Басқарма басшысының мәліметінше, өнеркәсіп өнімінің көлемі төмендеген аудандардың көшбасын Ордабасы, Созақ аудандары мен Кентау қаласы бастап тұр. Ал ауыл шаруашылығы өнімі төмен аудандар қатарына Ордабасы (5,9%) мен Шардара (1,4%) енеді. Бұл өңірлерде, сондай-ақ, мал шаруашылығы өнімдері де азайған.
Оңтүстікке бағытталған инвестиция көлемінің ұлғаюы Шымкенттегі мұнай өндіру зауытын жаңғырту, Бәйдібек ауданында питомниктің құрылысын жүргізу, Түлкібас ауданында Састөбе цемент зауытының цехтарының кеңейту жұмысына тартылған инвестиция жұмыстарының есебінен болса, бірқатар аудан-қалаларда, мысалы, Арыс (28,7%), Кентау (54,7%), Қазығұрт (71,8%), Мақтаарал (56,7%), Отырар (59,2%), Сарыағаш (80,3%), Төлеби (96,5%) және Шардарада (36,6%) инвестицияның көлемі төмендеген.
— Биылғы 4 айда облыстың әлеуметтік-экономикалық өсім қорытындыларын талқылаған кезде Арыс, Қазығұрт, Мақтаарал, Сарыағаш аудандарында инвестиция көлемі кеміген болатын. Алайда, инвестицияны тарту жұмыстарын жақсарту туралы тапсырма берілгеніне қарамастан бұл аудан, қалаларда жағдай бүгінгі күнге дейін жақсармаған. Одан бөлек, 5 айдың қорытындысымен жоғарыда аты аталған аудандармен бірге Кентау қаласы мен Шардара, Отырар, Төлеби аудандарында инвестиция көлемі кеміген. Атап айтқанда, былтырғы 5 аймен салыстырғанда инвестиция көлемі Арыста — 71,3 пайызға кеміген, Шардарада – 63,4%-ға, Кентауда – 45,3%-ға, Мақтаралда 43,3%-ға, Отырарда – 41%-ға, Қазығұртта — 28%-ға, Сарыағашта — 20%-ға, Төлебиде — 4%-ға кеміген, — деді Жансейіт Түймебаев.
Облыс әкімі жоғарыда аталған салалар бойынша төмен көрсеткіш көрсеткен аудан, қала басшыларының жұмысын сынға алды. Өңірдің ауыл шаруашылығы бағытына бейімделген аймақ екенін алға тартқан әкім Оңтүстіктің ауыл шаруашылығы өнімінің нақты көлем индексі бойынша республикада 8-орында екенін айтты. Бұдан шығатын қорытынды — облыс бойынша ауыл шаруашылығын дамытуға бөлініп жатқан қыруар қаржы мен көрсетіліп жатқан қолдаудың тиімділігі төмен екенін көрсетіп отыр деді Жансейіт Қансейітұлы.
Аталған мәселені қорытындылаған өңір басшысы аудан, қала әкімдеріне статистика органдарымен жұмысты жандандыруды, басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері 2017 жылға жоспарланған индикаторлардың толық орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін, индикаторлардың орындалуы туралы ақпаратты ай қорытындысымен экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына ұсынуды тапсырды.
Отырыстағы екінші мәселе — 2017 жылдың 1 маусымына облыстағы бюджеттің атқарылуына арналды. Мәліметке сәйкес, жергілікті бюджетке түсетін салықтық және басқа да түсімдер жоспары 110,6%-ға орындалып 4,6 млрд теңге артық түскен. Бұл былтырғымен салыстырғанда 3 млрд теңгеге көп. Дегенмен, аудан, қалалар бойынша 5,4 млрд теңге игерілмеген. Сондай-ақ, 3 млрд теңгеге жуық ұқсатылмаған ақша облыстық денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, құрылыс және кәсіпкерлік индустриалды инновациялық даму басқармасына тиесілі екен.
Аймақ басшысы әр жауапты жетекшілерден сауалдың жауабын алып, игерілмеген қаржылардың басым көпшілігі мемлекеттік сатып алу процедураларының дұрыс өтпеуіне байланысты болғанын еске салды. Соған сәйкес Ж.Қансейітұлы барлық бағдарлама әкімшілеріне, аудан, қала әкімдеріне және облыс әкімінің орынбасарлары жетекшілік ететін салалар бойынша жоспарланған қаржылардың толық игерілуін қатаң бақылауға алуды, сонымен қатар, бюджет қаражатын сапалы және мерзімінде игеру бойынша нақты шараларды қабылдауды тапсырды. Және жетекшілік ететін салалар бойынша құрылыс нысандарының сапасына аса мән беруді жүктеді.
Отырыс соңында жиын төрағасы мәжіліс барысында айтылған кемшіліктер мен сын-ескертпелерден тиісті қорытынды шығарып, нәтижелі жұмыс атқаруды тапсырды. Жарты жылдық есеп беру кезеңінің таяп қалғанын еске салған облыс басшысы жетекшілердің қызметтік жауапкершілігі осынау кездесулерге байланысты екенін ескертті.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Самат Мырзалиев