Шымкентте биыл алғаш рет 129 мектепте бірінші сынып оқушыларын қабылдау электронды түрде жүзеге асырылуда. Бұл — Қазақстан бойынша қолға алынған пилоттық жоба. Енді 1 маусымда басталған оқушыларды бірінші сыныпқа қабылдау науқаны 30 тамызға дейін жалғасатын болады.
Бұл — № 53 мектеп. Балалары бірінші сыныпқа баратын ата-аналардың құжаттарын қабылдау үшін екі маман бекітіліпті. Мектепке қажетті құжаттарын әзірлеп, балаларын ерте келген ата-аналар да баршылық. Тек таңертеңнен бері электронды жүйе жұмыс істемей тұр дейді құжат қабылдауға жауапты информатика пәнінің лаборанты.
Өкінішке қарай, ата-аналар осылай алтын уақыттарын кетіріп, интернеттің қосылуын күтуге мәжбүр. Биыл екінші ұлым мектеп табалдырығын аттайды деген Лола Рахматуллаева барлық құжатын даярлап, оны үйінде өзі электронды жүйеге енгізген. Бірақ, нәтиже шықпады дейді, содан амалсыз мектепке келіпті.
№42 мектепте де электронды жүйе жиі істен шығып, ұстаздарды да, ата-аналарды да әбігерге салады екен. Дегенмен, интернет қосылған жағдайда талапкердің құжаттарын енгізу жұмысы бар болғаны 5-15 минут уақытты алады дейді сала мамандары. Тек ана-аналар қажетті құжаттарды толық жеткізсе болғаны.
Электронды жүйенің жиі істен шығатынынан бағдарлама әкімшілігі — білім бөлімінің мамандары қанық болып шықты. Айтуларынша, қазір науқан, құжат тапсыратындар көп. Сол себептен интернет жүктемені көтере алмай жатыр дейді.
Жалпы, биыл Шымкент қаласы бойыншы 121 мың оқушы бірінші сынып табалдырығын аттайды деген болжам бар. Бүгінгі таңда 2000 мыңнан астам ата-ана балаларының құжатарын тапсырып үлгерген. Алда әлі екі айдан астам уақыт бар. Олай болса, ата-аналар жиі істен шығатын жаңа жүйе жөнделер деген үмітпен жүр.
Нұрлан Күдерұлы