Жалғызбасты ана науқас балаларымен апатты үйде тұрады

375
Жалғызбасты ана науқас балаларымен апатты үйде тұрады

Шымкентте жалғызбасты ана үш науқас баласымен бірге апатты үйде тұруға мәжбүр. Бүгінде аядай қос бөлменің төбе жабындысы шіріп, қабырғасы қақырап, сылағы түсуге айналған. Алайда басқа барар жері, басар тауы жоқ Ұлбала Жұмадилова жауын жауса үйіндінің астында қалудан қорқады. Өйткені, тозығы жеткен баспана кез келген мезетте опырылып кетуі мүмкін. Ал ауласынан жаңа үй салуға зейнеақы мен мүгедек балаларының жәрдемақысына күн көріп отырған ананың қалтасы көтермейді.

Жалғызбасты ана науқас балаларымен апатты үйде тұрады

Бұл үйдің саз-балшықтан тұрғызылғанына 80 жыл болған екен. Бүгінде ол іргетасымен бірге жерге еніп кеткен. Сонымен бірге қабырғасы қақырап, төбесіне төселген ағаштары да сын көтермейді. Шіріп кеткен діңгектерін астында тұрған тіреу ғана ұстап тұр. Енді 60 жастағы ана үш науқас баласымен үйінді астында қаламыз ба деп алаңдайды.

Ұлбала Жұмаділова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Көктем шықпай, екі апта қалғанда су басып қалды. Үш күн қайнымның үйіне барып тұрдық. Кейін келсек, мына бөлменің терезесі де, қабырғасы да едені де жоқ. Алып тастаған.»

Жалғызбасты анаға қолдау көрсететін балаларының үшеуі де науқас. Жасы отыздан асса да денсаулықтарына байланысты ешқайсысы әлі отбасын құрмаған. Екі ұлы ІІІ топ мүгедегі. Ұлбала апайдың өзі де денсаулығы әлдеқашан сыр бергенін айтады. Зейнеткер қазір баласының жәрдемақысына жырымдап отырған көрінеді. Үлкен ұлы әркімнің есігінде отын жағып, күнін көріп жүр. Ал екінші ұлы көлік апатынан кейін мүлдем жұмысқа жарамай қалған.

Ұлбала Жұмаділова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қайтеміз енді, жаурасақ та амалдап газбен отырдық. Жылай-жылай ауырмаған жеріміз жоқ. Балаларым да ауру. Айта берсең көп. Бәріне барып көмек сұрадым, ешкім көмектеспеді.»

Зейнеткердің айтуынша Жібек жолы көшесі жөнделген соң үйінің қабырғалары құлай бастапты. Қатты жауын жауғанда барлық су сайда орналасқан Ұлбала апайдың үйіне аққан. Ал екінші жағынан бір учаскені бөлісіп отырған көршісінің тұрғызған зәулім ғимараты үйдің бір қабырғасын қиратты дейді. Енді екі көрші өздеріне ортақ жерді игеруде бір мәмілеге келе алмай, аралары дауға айналған.

Талдыбек Мадибеков, Қаратау ауданы Тассай елдімекенінің орам басшысы: «Өткенде қатты жауын жауғанда бұл үйді су басып қалды. Бәріміз жүгіріп, әрең дегенде құрғаттық. Сонда анау көрші тұрған балаға айттық, бұл тірлік болмайды деп. Ол жігіт «Егер апа көнсе, бұл отбасыға басқа үй салып берейін, маған мына жерін берсін» деді. Өзі көнбей отыр.»

Дегенмен, Ұлбала Жұмаділова көршісінің басқа үй салып беремін дегеніне сенбеймін дейді. Өйткені олар менің өз еркіммен үйімді тастап кеткенімді қалап, әдейі бұзды дейді зейнеткер. Жалғызбасты ананың бұл уәжін көршілері де растап отыр.

Адаш Жәнібекова, Ұлбала Жұмаділованың көршісі: «Үш бөлмелі үй болсын. Іргетасы биік, жылы болсын дегенбіз. Олар алды да анау тұрған жұқа кірпіштен екі бөлмені салды. Аяқтаған жоқ, сөзінде тұрған жоқ.»

Ал баспана салып беремін деген кәсіпкердің өзімен сөйлеспек болғанда түсірілім тобын көргеннен кейін құрылыс орнынан тіпті жұмысшылары да тайып тұрды. Енді қолдауы жоқ жалғызбасты ана тек қайырымды азаматтардан үміт күтеді. Ал апатты үйі өзінің атында болғандықтан баспана кезегіне де тұра алмай қалған. Енді ескі үйін жөндетейін десе, қаражаттан қолым байлаулы дейді зейнеткер.

Гүлжан Байназарова