Достықтың тұрғындарына емханаға бару мұң

389
Достықтың тұрғындарына емханаға бару мұң

Шымкентте мүгедектер емхана қызметіне жарымай отыр. Достық шағынауданының тұрғындары ем-дом алу үшін көрші елдімекендерге сабылуда. Дер кезінде медициналық көмекке қол жеткізе алмай жүрген халық редакциямызға шағым айта келіпті.

ІІІ топ мүгедегі Орынкүл Жаманбекова аптасына бірнеше рет емханаға барады. Шағынаудандағы медициналық мекемеге келіп, арнаулы мамандарға тексерілу үшін жолдама алады. Оншақты жылдан бері осылай табаннан тозған тұрғын денсаулығымызды жақсартамыз деп жүріп, дертімізге дерт жамап алатын болдық деп налиды.

Достықтың тұрғындарына емханаға бару мұң

Достық шағынауданында бүгінде 7 мыңнан аса тұрғын бар. Олардың басым көпшілігі – тұрмысы төмен отбасылар мен мүгедектер. Жергілікті тұрғындар арнаулы медициналык көмек алу үшін қазір көрші елдімекендерге сабылып жүр. Науқас жандар үшін бірнеше шақырымға қатынап, ем-дом алу тауқымет дейді тұрғындар.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары бұл мәселеден хабардар болып шықты. Ақ халаттылар шағынаудан тұрғындарына қызмет көрсететін жаңа емхананың құрылысы жүргізілуде деп сендірді.

Нысан алдағы жылдың алғашқы жарты жылдығында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Демек, жергілікті емхана іске қосылғанға дейін халықтың өзге нысандарда ем-дом ала тұруына тура келеді.

Мақпал Рысбаева