Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков көшпелі кездесуде халықтың проблемасын тыңдауды жалғастыруда. Бұл жолы өңір басшысына талап-тілегін жеткізуге Абай ауданының тұрғындары жиналды. Әдеттегідей, өңірде қордаланған мәселе баршылық. Ал оның шешімі кезең-кезеңімен табылмақ.
Қала халқының өткір өтініш-шағымы мен маңызды мәселелері ашық айтылған көшпелі кездесу бұл жолы Абай ауданында түйінделді. Жиында халықтың басты назы — ауыз судың сапасына қатысты болды. Тұрғындардың айтуынша, су жүйесіндегі ақаулар жиілеп, жұртшылық сусыз отыруға мәжбүр.
«Ауылға жүргізілген су мәселесі сапасыз жүргізілген. Екі күннің бірінде авария, сусыз отырамыз».
Жауап:
«Бізде ол шағынауданда су өшсе, жалпы шағынауданда өшетін. Қазір Нұршуақты 4-ке бөлдік. Егер апат болса, бәрін өшірмейді».
Инфрақұрылымнан бөлек, әлеуметтік нысандардың тапшылығы да Игілік тұрғындарын қажытқан. Мыңдаған халқы бар аймақта бірде-бір медициналық бекет жоқ көрінеді. Денсаулығы сыр бергендер қала орталығына сабылуға мәжбүр.
«Біздің осы Игілік елді мекенінде медпункт, клиника деген жоқ. Халқымыз көп. Басқа жақта бар. Осы елді мекенде жоқ».
Жауап:
«Апа, жаңадағы салынады. Салынуы керек еді. Сәл созылып жатыр екен. Кішігірім медпункт салып береді».
Тұрғындардың сөзінше, жауын жауса, аймақта жол азабы басталады. Нөсерден кейін жол қозғалысы қиындап, бұл жергілікті жұрттың басты мәселесіне айналады. Әкімдік бұл мәселенің шешімі жаңа жол жобасымен байланысты екенін жеткізді.
«Туннельден бастап, мына жаққа дейін жаңбыр жауғанда су алады. Машина өте алмайды, адам өте алмайды. Анау мешіттің бұрылысында үнемі машиналар тұрады, су тартып».
Жауап:
«Қазір жобасын дайындап жатырмыз. Жолдарды кеңейтеміз. Жаңа жол салынады. Сол кезде мұны қарап кетеміз.
«Қараңызшы, орталық жолды айттыңыз, иә. Жолдардың бәрі ескірген. Сосын су жиналатын жері расында көп».
Кездесу барысында жекелеген көшелердегі қауіпсіздік мәселесі де көтерілді. Атап айтқанда, жасанды жол кедергілерінің дұрыс орнатылмауы айналадағы үйлердің іргетасына зиян келтіре бастаған.
«Ол кедергіні көріп, жай жүргендер жоқ. Үлкен жүк көліктері жүрген кезде менің үйімнің қабырғаларына сызат түсті. Қазір 3 см-ге дейін ашылып кетті. Маған көмегіңіз, оны 10 метр ары жылжыта аласыздар ма?».
«Ауыстырып беріңіздер міндетті түрде».
Бұл жолғы көшпелі кездесудің соңғы нүктесі осы Абай ауданында қойылды. Президент тапсырмасына сай жүзеге асырылған жүздесуде талай мәселенің түйіні шешілді. Тұрғындар тарапынан айтылған әрбір арыз-шағым хаттамаға енгізілді. Қала басшысы көтерілген мәселелердің орындалу мерзімін белгілеп, жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктеді.
Ботакөз Әнуар






