Úı ANONS Газдандыру жұмыстары жалғасып жатыр

Газдандыру жұмыстары жалғасып жатыр

Шымкенттегі 81 елдімекеннің 60-ы газбен толық қамтылды. Биыл тағы 6 елдімекенде құрылыс аяқталмақ. Қазір Тассай, Қарабастау, Жұлдыз-Жалын, Достық, Қайтпас-1 және Тұран шағынаудандарында жұмыстар белсенді жүріп жатыр.

Қарабастау шағынауданына көгілдір отын тарту ісі өз жалғасып жатыр. Еске салсақ, тамыз айында әкімдік тарапынан жүргізілген газ желісін салу жұмыстары аяқталып, нысан пайдалануға берілген еді. Бүгінде шамамен 1400 үйге газ жеткізілсе, қазір қалған абоненттерді қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Мұқағали Ағабаев, қала тұрғыны: «Бес жылдай күттік қой бұл газды. 5 жыл бұрын айтылған. Әне келеді, міне келеді деп. Биыл кірді ғой газ, енді қуанып жатырмыз ғой. Көмір жақпаймыз. Халықтың бәрі қуанып жатыр. Рақмет».

Бұдан бөлек, Қара Бастауда жекеменшік газ желілерін мемлекеттік жүйеге көшіру жұмыстары да қолға алынған. Себебі тұрғындардың жеке құрылымның техникалық жағдайы нашар болғандықтан, қыс кезінде ақау туындауы мүмкін. Сондықтан мамандар мемлекеттік жүйеге қосылу қауіпсіз әрі тиімді екенін айтады.

Нұрбек Рахманов,  «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Шымкент өндірістік филиалының бөлім бастығы: «Ол үшін бірінші тұтынушылар өзінің үйінің төлқұжаттары болуы керек заңды. Сол арқылы бізден техшарт алу керек. Кейін бізге арызын тастап, біздің жұмысшылар барып жекеменшік желілерден мемлекеттік желілерге қайта қосу жұмыстарын атқарады. Өйткені жекеменшік желілер көбінесе қыстыгүні тех жай-күйі нашар болғандықтан, істен шығуы жиілеп кетеді»

Айта кетсек, бүгінгі күнге дейін 60 тұтынушы жеке желіден мемлекеттік жүйеге өтті. Сондай-ақ, 127 абонентке қосылу үшін техникалық шарттар берілді.

Лаура Бабас