Шенеуніктер: «Көксәйектегі қоқыс жәшіктері тұрғындардың өздері үшін қажет»

295
Шенеуніктер:

«Сасық иістен тынысымыз тарылды!» Редакциямызға қоңырау шалған Көксәйек елдімекенінің тұрғындары тілшілерден көмек сұрайды. Жергілікті халық қолқаны қапқан жағымсыз иістен қашан арыламыз деп шағымдануда. Айтуларынша, тұрғын алаптағы қоқыс алаңшасы үйлерге өте жақын орналасқан екен. Соның салдарынан қолқаны қапқан иіс өмірімізге қауіп төндіре ме деп қорқады.

Көксәйек тұрғындары бұл көше қиылысында қоқыстан шыққан сасық иісті сезбей өту мүмкін емес дейді. Мұнымен қоймай, күн сайын түрлі келеңсіз оқиғалардың орын алатынын айтады. Ауласын жағымсыз иістен арылта алмай жүрген жұрт соңғы кезде қоқыс контейнерлерінің жиі өртенуінен де қауіптеніп отыр. Өйткені қоқыс жинағыштың дәл үстінде газ магистралі жүргізілген.

Мұнда қоқыс алаңшасының ашылғанына 1 жыл болған. Еңбекші аудандық әкімдіктегі жауапты мамандардың сөзіне сенсек, тұрмыстық қалдық күн сайын уақтылы тазаланып отырады. Алайда қоқыс контейнерлерін жырақта емес, дәл осы үйлерге жақын жерге орналасуын түсіндірген аудандық әкім орынбасары қажеттіліктен туып отыр дейді.

Шенеуніктердің айтуынша, Көксәйектегі қоқыс алаңшасын жою қала халқы үшін зиянын тигізбесе, пайдасын әкелмейді. Өйткені тазалық шаралары сақталмай, оның соңы түрлі жұқпалы аурулардың пайда болып, зиянды кеміргіштердің көбеюіне әкеліп соғуы ғажап емес.

Махаббат Әбдешова