Шымкент мектептерінің рейтингі түзілді

1202
ҰБТ-2013

Шымкент мектептерінің рейтингі түзілді. Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен жиында айтылды. Қалалық білім бөлімінің жетекшісі Жанат Тәжиева ҰБТ мен қала мектептеріндегі аттестация туралы баяндады.

Айта кетейік, биылғы ұлттық бірыңғай тестілеу Шымкентте 20-26 маусым күндері 3 пунктте өтті. Оған қала мектептерін бітірген 7 431 түлектің 5043-і (70%) қатысты. ҰБТ-ға 2 388 түлек қатыспады (30%): 229 оқушы (30%) шетелді жоғарғы оқу орындарына түссе, 894 түлек (37,4%) оқуын колледждерде жалғастырмақ болып шешті. 14 түлек (0,5%) денсаулығына байланысты тест тапсыруға қатыса алмаса, 377 бітіруші (15,7%) ҰБТ нәтижесі қажет болмайтын ЖОО-на түсті. 874 жас (36,5%) жұмыс істеуді шешкен. ҰБТ тапсыру тәртібі бұзылмады, ешкім аудиториядан шығарылып жіберілмеді, ешқандай түлектің нәтижесі жолйылған жоқ.

ҰБТ нәтижесі бойынша Шымкент қаласындағы орташа көрсеткіш 85,2 балды құрады. Салыстыру үшін айтсақ, 2016 жылы бұл көрсеткіш 82,6 балл еді. Осы нәтиже бойынша Шымкент облыс арасында екінші орында тұр. Ал шекті балл жинай алмаған 531 түлекке бірнеше нұсқа ұсынылды:

1. ҰБТ-ны ақылы түрде қайта тапсыру (2017 жылдың 19-24 тамызы аралығында);
2. ҰБТ-ны 2018 жылдың 20-24 қаңтары аралығында ақылы түрде қайта тапсыру;
3. Ресейлік жоғарғы оқу орындарында емтихан тапсырып, грантқа оқуға түсу.

Алтын белгіден үміткер 248 түлектің 232-сі тестке қатысты. 166 бітіруші 100-лен жоғары балға қол жеткізсе, 64 түлек 50-100 балл жинады. Мектепті үздік аттестатпен аяқтаған 164 түлектің 158-і ҰБТ-ға қатысты (алтауы қатыспады). 104 бітіруші 100-ден жоғары балл жинаса, 52 оқушының көрсеткіші – 50-100 балл.

Оқу-тәрбие жұмыстарының нәтижесі бойынша мектептердің рейтингі жасалды. Сонымен, ең үздік білім ошақтарының қатарында № 1, 7, 9, 23, 25, 38, 47, 65, 80, 90 мектептер бар. Үздік мектептер – №17, 19, 26, 46, 58, 60, 86, 99, 104, 107, 110 және №113 мектептер. Ал көрсеткіші төмен мектептер қатарында №18, 34, 36, 41, 56, 95, 96, 117, 119 және №120 мектептер аталды. Жиналыста мектептердегі мұғалімдердің психотиптерін анықтау үшін олардың барлығын арнайы тестілеуден өткізу туралы ұсыныс айтылды.

Айта кетейік, Шымкентте арнайы жоба жүзеге асырылуда, оның аясында балалар мен ересектер өздерінің шығармашылық қабілеттерін анықтау үшін, бойындағы қай салаға деген бейінділік пен психологиялық мүмкіндіктерін анықтау мақсатында тест тапсыра алады.