Білім грантының жаңа тізімі толығуда

492

Білім гранттарының жаңаланған тізімінде оңтүстіктің 6 оқушысының есімі енгізілді. Алайда, білімімізге сай бағаланбадық деп наразы болғандар 40 шақты. Министрліктегілер барлық шағымдарды қарастырып, жергілікті жерлерде тексеру жүреді деп отыр.

Бұдан облыс басшылығы да хабардар. Облыстық білім басқармасының міндетін атқарушы Раушан Эргашева: «Грант бөлу автоматтандырылған жүйе бойынша жұмыс істейді. Білім грантына байланысты шағымданған бірде бір түлектің арызы қараусыз қалмайды. Осындай наразылықпен 23 ата-ана келді. Олардың арыздарын министрлікке жібердік.

Бүгінгі таңда 6 бала білім грантына ие болды. Грант мәселесі әлі қарастырылуда. Нақты мына оқушы өтті, өтпеді деп айту қиын. «Алтын белгі» иегерлеріне тағы да 4 пайыздай мемлекет тарапынан бөлініп отыр». – дейді. Енді жаңа оқу жылына дайындыққа келсек. Оған білім бесіктері сақадай сай деп айтуға әлі ерте. Нәтижесін көретін күн де алыс емес. Ал қыр астында тұрған қыркүйектің алғашқы күнінде-ақ белгілі болатын оқулық тапшылығы биыл да қайталана ма деген қауіп басым. Жаңартылған білім беру мазмұнына 2,5,7 сыныптардың көшуіне байланысты 3,5 млн. жуық кітап сатып алынады. Оған бюджеттен 4,5 млрд. теңге бөлініпті.

Бүгінде 2 млн дана кітап білім ошақтарына жеткізілген. Қалған бөлігі 20 тамызға дейін толық жеткізіледі деп отыр сала мамандары. Білім күні есігін айқара ашатын су жаңа мектептер де баршылық. Биылғы жылғы үлкен жаңалық 6 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Облыс бойынша 1021 мектеп болатын болса, биыл жаңа оқу жылында 1027 мектеп болады. Ағымдағы жылы 8 апатты және 12 үш ауысымды мектептердің мәселесі шешілмек.

Бүгінде облысымызда 150 шағын жинақты мектеп бар. Ал 80 мектепте оқушылар ауыл аймақтан тасымалданып оқытылады. Ал түйіні тарқатылуы тиіс 11 үш ауысымды мектептің 5-нің құрылысы 2018 жылы бітеді дейді жауаптылар. Балағынан бала саулаған күнгейлік алтын аналарымыздың арқасында демографиялық дүмпу болып жатқанда, әзірге үш ауысымды мектептерді түбегейлі жою мүмкін болмай тұр.