Мүмкіндігі шектеулі жан қауіпті үйде тұрып жатыр

Шымкенттік мүгедек жан қауіпті үйде тұрып жатыр. Қирағалы тұрған баспананы осыдан бір ай бұрын мамандар апатты деп таныған. Алайда, тұрмысы төмен отбасы жаңа баспана салуға жағдайымыз да, жер теліміміз де жоқ деп отыр. Айтуларынша, үй салынған жер жылдан-жылға опырылып, тоз-тозы шығып жатыр.

Екінші топ мүгедегі Сәбит Төлендиев 4 баласымен қираудың аз-ақ алдында тұрған баспанада күнелтуде. Тұрмысы төмен отбасының 2005 жылы әупірімдеп жүріп әрең салып алған 4 бөлмелі үйін мамандар бір ай бұрын апатты деп таныпты. Ал үй иесі ойлы-қырлы жер теліміне тұрғызылған құрылысқа рұқсат берілген дейді.

Мүмкіндігі шектеулі жан қауіпті үйде тұрып жатыр

Үй қожайындары көз алдарында қирап бара жатқан шағын үйді жыл сайын жамап-жасқайтындарын айтады. Алайда, жиі жөнделсе де күйреп бара жатқан үйдің кей бөлмесіне кіріп-шығудан да қалдық деп отыр.

Амалы құрып, апатты үйді паналап отырған бұл отбасының мұқтаждығынан жергілікті билік өкілдері де хабардар болып шықты. Алайда, мамандар Сәбит Төлендиевтің әлі күнге үй кезегіне тұра алмауының себебі бар деп отыр.

Айта кетейік, 2014 жылы тиісті заңнамаларға толықтырулар енгізіліп, онда жалғыз баспанасы апатты жағдайда деп танылған азаматтардың үйлі болуы қамтылған. Алайда, тап қазір Шымкентте осы санаттағы 30 адам үй кезегінде тұр. Мамандар жылына осы тізімдегі азаматтардың біреуі ғана пәтерлі болады деп отыр. Соған қарағанда, сапалы үйге зәру жандардың мұқтаждығы жуырда шешіле қоюы белгісіз.

Мақпал Рысбаева