Зертханашылар базар өнімдерін тексереді

457
Зертханашылар базар өнімдерін тексереді

Шымкенттегі «Самал»» базарына келген тұтынушылар сатып алған тауарының сапасын тегін анықтауға мүмкіндік алды. «Қауіпсіз тағамды таңда!» деп аталатын акция осымен төртінші жыл қатарынан өтуде. Акция аясында базарға келген кез келген тұрғын сатып алған бақша өнімдері, ет-сүттің сапасын заманауи құрылғылардың көмегімен арнайы мамандарға жедел тексерте алады. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің ұлттық сараптама орталығы мамандарымен бірлескен шарасы республика бойынша барлық өңірлерде өтіп жатыр.

Зертханашылар базар өнімдерін тексереді

Жаздың аптап ыстығында сатып алушылардың базардағы азық-түліктердің сапасына күдікпен қарайтыны рас. Базар болған соң нитраты көп көкөністер, бұзылған тағам кездесіп қалуы мүмкін. Кейде базарда оны анықтап беретін маман болмағандықтан, соңы ұрыс-керіске баратын жағдайлар кездеседі. Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мамандары бұл акцияны өткізгеннен бері шағымданушылар саны азайды дейді. Базардан азық-түлік алуға келген Жолдасбек Ахметбекұлы аз мөлшерде бал сатып алыпты. Мамандарға құрамын тексертуге берді.

Зертханашылар базар өнімдерін тексереді

Жолдасбек Ахметбекұлы, қала тұрғыны: «Халықта күдік көп. Алған кезде өнімі таза ма, таза емес пе деп ойлайды? Қазір нәтижесі жақсы болып шықса, бернеше келісін сатып аламын.»

Бал құрамын тексерген ұлттық сараптама орталығының зертхана маманы таза деді. Олар таңертеңнен бері тұтынушылар әкелген қауын-қарбыз, қызанақ-қияр, әсіресе сүт өнімінің құрамын зерделеуге көбірек назар аударуда. Нәтижесінде бір тұтынушының сатып алған етін зертхана талабына сай болмай шыққан. Мамандар оған арнайы хаттама түзіп, базар басшысына жолдады.

Зертханашылар базар өнімдерін тексереді

Қызбек Зекенова, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тағамдарды санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бас маманы: «Зертхана сараптамасында теріс нәтиже көрсеткен болса, базар басшысына хат жолдаймыз. Олар ары қарай сауда орынан ол азық-түлікті алып тастауы тиіс.»

Санитар мамандар тағамнан келетін қауіпсіздікті азайтуда бұл акцияны жиі өткізуге тырысамыз дейді. Қазіргі уақытта айына екі рет өткізеді екен. Енді іс-шара ары қарай Шымкенттегі Айна базары, «Мадина» супермаркеті мен Сайрам ауданындағы базарларда жалғасты. Ал қала тұрғындары акцияның қайда өтетінін алдын ала 21-23-81 телефонына қоңырау шалып біле алады.

Айгүл Керімқұлова