Шымкенттің коммуналшылары күзгі жауын шашыннан орын алатын келеңсіздіктердің алдын алуға кірісіп кетті. » ЛТД тұрмыс» серіктестігінің ирригация бөлімі мамандары «Қошқарата» өзенін тазалауда. Жұмысшылар техника кіре алмайтын жерге «Қарасу» каналын қолмен тазалап, қоқыстан тазартуда. Айтуларынша биыл шаһар көшелерін ешқандай топан су баспайды.
Ұзындығы 13 шақырымды құрайтын киелі Қошқар ата өзенінің бойында екі бірдей алып трактор жұмыс жасап жатыр. Сала мамандарының айтуынша, бүгінгі таңға дейін 100-ден астам арнайы көлікпен қоқыс шығарылыпты. Соған қарамастан әлі де атқарылар тірлік аз емес, өзеннің 9 шақырымын бүгінде механикалық жолмен тазартып үлгерген.
Техника бара алмайтын канал жағалауларын қолмен тазартуға тура келеді. Ол үшін қолдарына аша мен тырма ұстаған 60 жұмысшы өзен жағалап жүр. Нәтижесінде 11 шақырымды құрайтын Қарасудың суы да кедергісіз ағап жатыр. Ал канал мен өзен жағалауына жақын орналасқан үй тұрғындары биылғы күзде су қаупінің сейілгеніне қуанышты.
Жасыратындығы жоқ, әр жылы көктем мен күзде Шымкент каналдарының суы арнасынан асып, жағалаудағы үйлерді топан су басып тұрғындарды әбігерге салатын. Биыл ондай келеңсіздік орын алмайды деп сендірді сала мамандары. Біріншіден барлық канал қоқыстан тазартылса, екіншіден Қошқар ата өзенінің артық суын Бадамға құятын жүйе қалпына келтіріліпті. Бұл жылдар бойы жасалмаған жұмыстар еді.
Нұрлан Күдерұлы