Оңтүстікте шағын су электр станциялары салынады

378

Астанада өткен халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі аяқталар тұста «Шымкент» ӘКК мен «Росатом Орталық Азия» аймақтық орталығы өзара ынтымақтастық пен әріптестік келісіміне қол қойды. Оның мақсаты — Оңтүстік Қазақстан облысында шағын су электр станциясы мен басқа да баламалы энергия саласын дамыту, сондай-ақ, табиғат қорын тиімді пайдалану мен сақтау болып табылады. Құжатқа «Шымкент» ӘКК басқарма төрағасы Айтмұхаммед Алдажаров пен «Росатом Орталық Азия» бас директоры Виталий Драгунов қол қойды.

Қос тарап Оңтүстіктің таулы аймақтарында қуаттылығы 2МВт-қа дейінгі, контейнер типтес шағын су станцияларын салудың инновациялық пилоттық жобасын бірге құрмақ. Келісілген әріптестік бойынша осы жылдың қыркүйек айының өзінде мамандар станцияларды салуға және су жинау құрылғысы мен контейнерлерді орнатуға қолайлы орындарды анықтау үшін алғашқы техникалық іс-сапармен келеді деп жоспарлануда.

Контейнердегі шағын СЭС шығарумен «Росатом» мемлекеттік корпорациясының «Атомэнергомаш» компаниясының құрамына кіретін Венгрияның Ganz Engineering and Energetics Machinery llc. (Ganz EEM) компаниясы айналысады. Шағын СЭС-терді тұрғындары электр желісіне қосылмаған аймақтарда қолдануға болады. Шағын СЭС турбинасы және басқару тетігі бар контейнерлер жеткізілген соң бір айдан кейін 1МВт-қа дейін электр энергиясын өндіре алады. Айта кетейік, шағын СЭС қашықтықтан, спутникалық байланыс арқылы басқарылады. Қазір шағын СЭС-терді өзге елдерге экспорттау бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Оңтүстік Қазақстанның тау, өзендерінің мол әлеуетін ескерген тараптар алғашқы жоба аяқталған соң да әрі қарай бірге жұмыс істеп, ОҚО әкімдігінің қолдауымен шағын су энергетикасы саласындағы басқа да жобаларды жүзеге асыруға ниетті.

«Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ мемлекеттің 100 пайыз қатысымен 2011 жылы құрылған. Компания іс-әрекетінің негізгі бағыты — тиімді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі арқылы Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы, облыстағы активтер мен ресурстар әлеуетін жүзеге асыру, облыс, республика, жақын және алыс шетел нарығын барынша жүзеге асыруға негізделген.

Ал «Росатом Орталық Азия» — «Росатомның» Орталық Азия аймағындағы өкілдігі. Кеңсе «Росатомның» әлемнің түрлі елдеріндегі халықаралық желісіне жатады. Аймақтық орталықтарды «Росатом халықаралық желісі» (РМС) компаниясы басқарады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі