Шымкентте кешенді оқу-жаттығулар жалғасып жатыр. Төтеншеліктер қала жұртшылығына жер сілкінісі кезіндегі дағдыларды үйретіп, азаматтық қорғаныс шараларын електен өткізді. Арнайы сценариийге құрылған су айдынында өткен жаттығу кезінде де қауіпсіздік жағдайлары жан-жақты пысықталды.
Оқу жаттығу шараларын ұйымдастыру үшін қала сыртындағы «Жайлаукөл» су айдыны таңдалып алынды. Сценарий бойынша қауіпсіз шараларын сақтамаған қайықтағы екеуге құтқарушылар дереу көмекке келді. Суға батып бара жатқан зардап шегушілерді төтеншеліктер көзді ашып-жұмғанша жағаға шығарып, алғашқы көмек көрсетті.
Айта кетейік, биылғы маусымда Шымкентте 30-да аса суға бату оқиғалары орын алған. Оның тең жартысында балалар зардап шекті дейді төтеншеліктер.
Кешенді шара сейсможаттығумен жалғасты. Бүгін таң сәріден бір мезетте дабыл қағылып, шұғыл түрде хабарландыру жүйелері іске қосылды. Дабыл даусынан сыртқа шыққан «Көктем» шағынауданындағы жатақхана тұрғындары жер сілкінісі кезіндегі дағдыларды пысықтады. Төтенше жағдайлар кезінде кешенді іс-қимыл әрекеттерді жүйелеу үшін ұйымдастырылатын жаттығулар 7 баллға дейін жер сілкінісі болуы мүмкін аймаққа жататын Шымкент қаласы үшін маңызды дейді төтеншеліктер.
Айта өтейік, арнайы сценарийге құрылған мұндай оқу-жаттығу шаралары шаһар аумағында қатарынан 3 күн бойына жүргізілуде. Штаттық машықтану жұмыстары екі жылда бір рет өткізіледі.
Мақпал Рысбаева