Шымкентте жолақы қымбаттамайды

430
Шымкентте жолақы қымбаттамайды

Шымкентте жол жүру қызметінің ақысы қымбаттамайтын болды. Бүгін қоғамдық көлікпен қатынаған шенеуніктер осындай шешіп шығарып, көлік компанияларының басшыларына жол ақысы қымбаттамайтынын қадап айтты. Сондай-ақ, жұмысына салғырт қараған компанияларға ескерту беріп, жыл соңына дейін ескірген көліктерді жаңартуға тапсырма берді. Ал автобустарда компания басшыларының фотосуреті ілініп тұрмақ.

Шымкентте жолақы қымбаттамайды

Көлік компаниясының басшыларын әкімшілік алдында жиі көрмейсің. Бүгінгі бас қосудың себебін басшылар іштей сезіп отырғандай. Өйткені қала әкімі мен қол астындағы шенеуніктер қоғамдық көлікпен қатынап жүр.

Шымкентте жолақы қымбаттамайды

Қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев жиналысты қарапайым халық үшін жақсы жаңалықтан бастады. Шенеунік көлік компанияларының басшыларына Шымкентте жол ақысы көтерілмейтінін қадап айтты.

Қоғамдық көліктегі проблемалар жылда шешілмейтін күрделі мәселеге айналған. Жолаушыларға қарым-қатынас этикасын көрсете алмауы бір төбе, одан қалса салонға адам толтырып алып, жолаушыға таласып, жарыса жүйіткулері өз алдына. Мұны көзбен көрген шенеуніктер компания басшыларын сыбап алды.

Шымкентте жолақы қымбаттамайды

Айта кетейік, Шымкентте 76 бағытта қатынайтын 1200 автобус және газель бар. Күніне қоғамдық көлікпен 450 мың адам қатынайды. Бұған қоса шымкенттік шенеуніктермен бірге көлік компанияларының басшылары да қала ішінде жүретін автобустармен қатынайтын болды.

Еске сала кетейік, жолаушы тасымалдаушылар қалалық әкімдікпен келісім-шарт жасаған. Бұл құжатқа сәйкес, ол компаниялар жыл соңына дейін өздерінің көліктерін жаңартуы тиіс. 14 компанияның ішінен келісім-шартты екеуі ғана орындап отыр. Яғни, жыл соңына дейін Шымкентке жаңа автобустар әкелінбесе, қалған 12 компаниямен келісім-шарт үзіледі.

Лаура Мамырова