Оңтүстікқазақстандық ұн өндірушілер келісім-шарт бойынша қажеттілігіне қарай вагондармен қамтылады. Бүгін теміржолшылардың кеңсесінде өткен баспасөз-конференциясында Астанадан арнайы келген «Астық Транс» компаниясының басшысы Рамазан Айғайбеков осылай деді. Еске сала кетейік, өткен жұмада Оңтүстік өңірінің ұн өндірушілері тілшілердің басын қосып, баспасөз-мәслихатын өткізген болатын. Онда кәсіпкерлер вагондардың тапшылығынан ұн тартуға қажет бидайды Солтүстік облыстардан жеткізе алмай жатқандарын айтты. Соның салдарынан шикізаттың қоры таусылып, өндіріс тұрып қалады деп дабыл қаққан болатын.
Осылайша жергілікті ұн өндірушілердің дабылы үкіметке жетті. Осы мәселені тез арада шешу жөнінде анықтама беру мақсатында өңірімізге ҚТЖ «АстықТранс» АҚ басшысы келді. Бұған дейін «Алтын Дән», «Дани Нан», «Ақ нан», «Тұрар», «Ордабасы нан» сияқты ірі кәсіпорындардың басшылары астық таситын вагон тапшылығы мәселесі шешілмесе, өндіріс тоқтап, қызметкерлер мәжбүрлі демалысқа кететінін жеткізген-ді.
Вагондармен қамтитын астаналық жауаптылар Солтүстік облыстардан вагондарды Оңтүстікке жеткізу жөнінде кестелерін, жоспарларын айтып ақталды. «Астық Транс» АҚ басшысы келісім-шарттағы міндеттемелерді толық орындауға тырысатынын және бұл мәлімдеменің бос сөз еместігін дәлелдеу үшін меморандумға да қол қоюға дайын екенін алға тартты.
Жиынға қатысқан ұн өндірушілер жанайқайымыз Астанаға жетіп, элеваторлардағы бидай вагондарға тиеліп, өңірге жеткізіле бастады деп қуаныштарымен бөлісті.
Ал теміржолшылар қыркүйек айында оңтүстікқазақстандық ұн өндірушілердің тапсырысы бойынша өңірге 2 мың 960 вагонмен 205 мыңнан тоннадан астам бидай жеткізілгенін айтуда.
Осы салаға жауапты облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Жамалов ас атасын өндіретін кәсіпорындарды вагонмен қамтамасыз ету мәселесі бақылауда болатынын жеткізді. Шетелдік серіктестіктермен түзген келісім-шарттар еш кедергісіз орындалса, отандық кәсіпкерлерге деген сенім артады дейді Оңтүстіктің ұн өндірушілері.