Шымкент қаласының экс-әкімі Ғабидулла Әбдірахымов әріптестерінен кешірім сұрады. Сонымен қатар адал болуға және бірін-бірі сыйлауға шақырды. Әкімді шығарып салуға жиналған депутаттар мен қала активіне алғыс білдірді. «Мемлекеттік қызметтегі 20 жылдық еңбек өтілімінде Шымқаланы басқарған жылдарым алтын әріппен жазылып қалады» дейді шаһардың бұрынғы әкімі.
Ғабидолла Әбдірахымов: «Шымкентті адамдар қыдырып жүретін, келген адамдар қайтып кеткісі келмейтін қала қылуымыз керек». Бұл — 2015 жылдың тамыз айы. Қала әкімі қызметіне тағайындалып жатқан Ғабидолла Әбдірахымов осылай деген еді. Естеріңізде болса, Сатыбалды Дархан Амангелдіұлын алмастырған қала әкімінің осы сөзі шымкентіктердің аузында ұзақ уақыт талқыланды.
Бұған қоса Ғабидолла Әбдірахымов Шымкентте бұрын-соңды болмаған жаңалық велосипедті әкелді. Станцияларды қаланың көшелеріне қойып, оған алғашқылардың бірі болып өзі отырды.
Ғабидолла Рахматоллаұлының тағы бір жаңалығы — Шымкент қаласының 2020 жылға дейінге даму концепциясын жасап шығып, оны көпшілікке таныстыруы болды. Сол жобаға сай қаламызда «Шымсити» шағынауданының құрылысы басталды. Бүгінде мұнда инженерлік инфрақұрылым жүргізіліп, 6 үй салынды. Биыл тағы 20 үйдің құрылысын бастау үшін қаражат бөлінді.
Екі жыл бойы еліміздің үшінші мегаполисін басқарған, Шымкент тарихындағы 13-ші әкімнің айтқан сөздері мен жасаған жұмыстарын тізбектей берсек, уақыт жетпес. Дегенімен, Шымкентің логотипі қызғалдақты ауыз толтырып айтуға болады. Енді, міне, «Шымкент қаласы — зың» деп жүрген әкім бүгін өз әріптестерімен қоштасып, олардан жіберген кемшіліктері болса, солар үшін кешірім сұрады. «Біз Елбасының сарбазымыз, қайда жіберсе сонда барамыз» деді.
Мемлекеттік қызметте істеген 20 жылдың ішіндегі ең қызықты сәті Шымкент қаласын басқарған екі жыл екенін мойындаған Ғабидолла Әбдірахымов сөзінің соңын «Барлық уақытта адал болыңдар және бір-біріңізді сыйлаңдар» деп қорытындылады.
Нұрлан Күдерұлы