Аула клубтары арасындағы шахмат турнирі мәресіне жетті

Оқушылар сарайында қалалық аула клубтары арасында өткен шахмат турнирі өз мәресіне жетті. Ауқымды спорт шарасы «Отырар» телеарнасының бастамасымен және Шымкент қаласы білім бөлімінің қолдауымен алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Үш кезеңнен тұрған сайысқа жалпы саны 250 бала қатысып, үздік шыққан 45 оқушы ширек финалда бақ сынады. Жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталды.

Халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Жансая Әбдумәліктің атасынан бата алған балдаурен бірден ойынға кірісті. Зеректікпен қатар жылдамдықты талап ететін ойын тартысқа толы болды.

Ширек финалға өткендердің қатарында Мадияр Рахматулла да бар. Ол 3 кезеңнің барлығында үздіктер қатарында, қарсыластарынан бір адым алда келеді. 3 жылдан бері шахматты серік еткен бала болашақта осы интеллектуалды ойынның жұлдызы боламын дейді.

Аула клубтары арасындағы шахмат турнирі мәресіне жетті

Бұл — турнирдің үшінші кзеңі. Бұған дейін балалар өзара және «Ақ тұлпар» шахмат клубының ардагерлерімен сайысқа түскен еді. Шахматта сара жолын сала білген ақсақалдар бүгін де балақайларға қолдау көрсету үшін арнайы келген.

Екі сағатқа созылған жарыста тоғыз жеңімпаз анықталды. Әр жүлделі орынға үш ойыншыдан жайғасты. Жеңімпаздарды және бағы келісіп, бабын сынаған басқа да қатысушыларды «Оытарар» телеарнасының бас редакторы Зәуре Оралбаева марапаттады.

Ағалық кеңестерін айтып, үздік ойын өрнегін көрсеткен «Ақ тұлпарлық» қариялар да ұмыт қалмады. Ал жас- кәрінің басын қосқан салтанатты шара ән мен биге ұласты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тек бастамасы. Алдағы уақытта бұдан да үлкен ауқымды жарыс өткізу және оны дәстүрге айналдыру күн тәртібінде дейді.

Баланы дұрыс тәрбиелеп, бағыт-бағдар берсе, бағындырмайтын биігі, жетпейтін жетістігі жоқ. Ендеше, озық ойлы, білімді ұрпақ тәрбиелеуді мақсат тұтқан дәл осындай шаралар көп болсын!

Әлия Әділбек