«Жаңа күн» бағдарламасының кезекті қонағы Дәуітұлы Шыңғысбай қажы мешітінің наиб имамы Мұрат Бастарбекұлы:
— Қасиетті жұма күні мешітке ағыламыз. Жалпы осы жұма күніне қалай дайындалуымыз керек?
— Қасиетті жұма күні таңертең үйден шығарда жуынып, шайынып, тазаланып мешітке қадам басу керек. Мешітке барғанда имамның алдында отырып, оның уағызына ден қойса Алла сауап үстіне сауап қосады деген. Алла Тағала әр басқан қадамға сауап жазады. Біздердің сауабымыз еселенеді. Өйткені жамағат болып намаз оқимыз. Яғни жамағат болып оқығанда сауап 27 рет еселенеді. Жалғыз адам 27 рет намаз оқыса да сауабы еселенбеуі мүмкін, бірақ жамағат болып оқыған намаздың сауабы мол. Жұма күні үлкен мейрамға, Ұлы Жаратушының қабылдауына баратындай сезімде болуымыз керек. Намаз деген Ұлы Жаратушымен жүздесу.
— Жұма намазын оқу тәртібіне тоқталып өтсеңіз…
— Жұма намазы — парыз. Кейбір кісілер жұма намазын оқығаннан кейін бесін намазын оқитындар да болады екен. Бұл енді ықтият. Бесін қайтадан оқылмайды. Күнделікті бесін намазында 4 парыз оқысақ, жұма намазында екі парыз оқылады. Жұма намазын оқи алмаса бесін намазын оқып қоя салуына болады.
— Жұма намазының сауабы қандай?
— Жамағаттың ішінде қанша адам болса «Қырықтың бірі Қыдыр» дегендей ол да есепке алынуы мүмкін. Сондай-ақ өткен жұма мен осы жұма аралығындағы күнәлар кешіріледі делінген. Үлкен күнә болса жұма намаз оқығанмен кешіріледі. Ал одан да үлкен болса бір рамазан мен екінші рамазан арасында кешірілуі мүмкін.