Латын әрпі — заман талабы

402
Латын әрпі - заман талабы

Жаңа латын әліпбиін іске асыру жөнінде мемлекеттік комиссия құрылады. Бұл туралы Елбасы жарлығында көрсетілген. Осы бағыттағы жұмыстың бір парасы ретінде республикалық ақпараттық топтың мүшелері Оңтүстікке арнайы келіп, халықпен кездесу ұйымдастырды.

Таяуда құрылатын мемлекеттік комиссия қазақ тілінің морфологиясы, синтаксисі, дидактикасы ережелерінің барлығын жан-жақты қарайды. Жаңа әліпбиді қайта ой елегінен өткізеді. Бұл — Республикалық ақпараттық топтың мүшесі, саясаттанушы Ерлан Саировтың айтқаны. Ол қазір халық арасында «жаңа латын әліпбиі ресми қолданысқа енгізілді» деген жаңсақ пікір таралды дейді.

Ерлан Саиров, саясаттанушы: «Біз әліпбиді қоғамның әрбір мүшесіне, қоғамның әрбір топтарына сәйкес келетін солардың мүддесінен шығатын әліпби жасауымыз керек. Сондықтан бүгінгі таңда айтылып жатқан пікірлердің барлығы ескеріліп, солардың дауыстары естілу керек. Дауыстары естілмейтін болса, ертеңгі күні қоғам алдында, ел алдында және болашақ ұрпақ алдында әліпбидің құндылығы азайып кетеді. Өйткені бұл бүкіл қазаққа құнды болу керек.»

Латын әрпі - заман талабы

Республикалық ақпарат тобының мүшелері жұмысын Өскемен қаласынан бастаған. Мұндағы мақсаты — мемлекеттік тілді латын қарпіне көшірудің тиімді тұстарын халыққа дұрыс насихаттау. Кездесу барысында олар қазақ тілінің дамып, күшеюі үшін латын әліпбиіне өту өте қажет екенін айтты.

Руслан Желдібай, журналист-сарапшы: «Ғалымдар қазақ тілінде 60-70 негізгі ереже бар дейді. Мұның біразы — орыс тілінен енген ережелер. Егер латын қарпіне өтер болсақ, бұл тізім 20-30-ға дейін түседі. Тілдің қуаты -тілдің әлеуеті деген рейтинг бар. Осы тұрғыдан қазақ тілі сөзсіз күшейеді. Және қазақ тілі өзінің үніне және болмысына қайтады. Тәуелсіздік пен тілімізді сақтау тұрғысынан бұл үлкен шешім.»

Осылайша жан-жақты пікірлерін ортаға салған топ мүшелері жиналған жұртшылықтың айтарын да елеусіз қалдырмады. Көпшілік «Ел болашағы үшін бұл іске өз үлесімізді қосуға тиіспіз» деп қолдау білдірді.

Арнайы топтың кездесуі мұнымен аяқталған жоқ. Олар өңірдегі белгілі блогерлерімен де кездесіп, маңызды тақырып төңірегінде пікір алмасты. Ақпараттық шекараны қолдауда масс-медиа мықты болуы керегін баса айтты. Жиын «Отандық медиа бәсекеге қабілетті болмаса, көп майданда ұтыламыз» деп қорытындыланды.

Жанерке Хұмар