Мазарлар тазартылып, қоршалды

1120
Мазарлар тазартылып, қоршалды

Шымкенттегі 8 мазардың айналасы қоршалды. Құрылыс жұмыстары үшін бюджеттен 73 млн теңге бөлінді. Төрт мердігер жобаға сай жұмыстарын атқарып бітті. Еске салайық, бұған дейін тұрғындар қорымдардың ашық-шашық жатуы мен үйілген қоқысқа қатысты арызданған болатын. Биыл қалалық әкімдік осы мәселені қолға алды және алдағы жылы бұл жұмыс жалғасады деп сендірді.

Шымкентте 44 қорым бар. Оның сегізі қоршалып бітті. Әлі айналасы қоршалмаған және қоршауы ескіргендері де жетерлік. Ретке келтірілгендері қадағаланады. Ол үшін жауапты компания да анықталған. Жұмыс жасалған, мұны тұрғындар бірден байқады.

Төрт айдан бері қаладағы қорымдарды күтіп-ұстау «Мрамор гранит тас» компаниясына жүктелген. Серіктестік жұмысшылары бұған дейін қордаланған барлық қоқысты тазартып, қосымша су сақтайтын құтылар орнатыпты. Күн сайын мазараттың тазалығына жауапты мамандар бекітілген, жыл соңына дейін осы жұмыстарды атқаруға 44 млн теңге бөлініпті.

Мазарлар тазартылып, қоршалды

Қала қорымдарына жақан орналасқан елдімекеннің тұрғындары қоқыстарын мазар ішіне тастауды, малдарын жаюды әдетке айналдырған. Жасыратыны жоқ, оларға талай рет ескерту де берілген. Енді өлілердің тыныштығын күзететіндер мұндай келеңсіздікке жол бермейміз деп отыр. Сол себепті қалалық әкімдіктің инстаграм және фэйсбук әлеуметтік желілеріндегі аккаунтына немесе әкімдіктің WhatsApp нөміріне хабарлама жіберуге мүмкіндік жасап отыр. Егер сіз қорымдағы бейберекетсіздікті байқасаңыз, тез арада жауаптыларға хабарлаңыз.

Нұрлан Күдерұлы