Оңтүстікте құрылыс компаниялары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынатын нысандардан бас тартқан. Мұндай келеңсіздік Отырар мен Бәйдібек ауданындарында орын алды.
Уақытты үнемдеу мақсатында бүгін облыс мәслихатының үш бірдей тұрақты комиссиясының мәжілісі бірігіп өткізілді. Тұрақты комиссиямүшелері Бәйдібек ауданы Бөген ауыл округі Шалдар ауылындағы 140 орынды балабақша құрылысынан бас тартқан компанияның мәселесін талқылады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдауға қарсы болған серіктестікті даттағандар да, қолдағандар да болды.
Дәл осындай жағдай Отырар ауданы Көксарай ауылында да орын алған. 240 орынды балабақша салуда қиындықтар туындаған. Құрылысты жүргізу құқығына ие болған компания міндеттемелерді қабылдаудан, құжаттарға қол қоюдан бас тартқан.
Жауаптылар екі нысан бойынша шешім қабылдау облыс мәслихаты депутаттарының құзырында екенін ескертті. Айта кетейік, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы бойынша аталған әлеуметтік нысандар турасында қабылданған шешімдер сессияның қарауына ұсынылды. Облыс мәслихатының кезектен тыс 16-сессиясы 9 қарашада өтеді.