Құрылыс компаниялары көшені батпаққа айналдыруда

646

Шаһардағы Арғынбеков, Жібек жолы және Шаяхметов көшелерінің арасы күн құрғақта шаң тозаң, жауын шашында батпақа батып былығып жатыр. Бұл аралықта көпқабаты үйлер тұрғызылуда. Бірақ құрылыс мекемелері келісімшарттағы жүк көліктерінің доңғалақтарын таза ұстау міндетін орындамай, қоршаған ортаны ластап жатыр.

Қолдарына күрек пен сыпырғы ұстаған нәзік жандар, таң сәріден кешке дейін Арғынбеков көшесінің бірнеше шақырым аумағын батпақтан тазалап шығуы тиіс. Сол үшін айына «Югдорсервис» мекемесінен 45 мың теңге айлық алады екен.

Біздің түсіру тобын көрген үш жұмысшы күнде тап болатын келеңсіздіктерді айтып шағымданды: «Біз әбден шаршадық көмектесіңіздерші машиналар минут сайын батпақ алып шығады, ал біз оны тазартып үлгере алмаймыз. Кешіксек айлығымызды қиып тастайды», – дейді.

Қала көшелерінің тазалығына жауапты «Югдорсервис» мекемесінің басшылары көшені лайлайтын көліктерге шағым айтып, Қаратау ауданының әкімдігіне бірнеше мәрте хат жазған. Бірақ ешқандай нәтиже болмапты.

Бақытжан Егізбаев, құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі: «Аталған кемшіліктерді жоямыз. Алдағы уақытта көлік жуу бекетін ұйымдастырамыз».

Сала мамандарының айтуынша, Арғынбеков көшесінің бойында жұмыс жүргізіп жатқан 10-ға тарта құрылыс компаниялары бар. Сол мекемелер бірлесіп, көлік жуу бекетін орнатыпты. Бірақ оның он сайманнан бір сайманы жоқ. Ішінде тамшы су тапшы, қаңыраған құты тұр.

Мұндағылар «біздің кезегіміз келгенде жуып тұрамыз, ал басқаларға жауап бере алмаймыз», – дейді.

Есесіне, көше батпақтан көз ашпай отыр. Құрылыс жүргізіп жатқан компания, көше тазалаушылардың еңбегін еш етіп отыр. Мәселе, жауаптылардың қатаң қадағалауына ілігеді деп сенейік.

Нұрлан Күдерұлы