Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары талқыланды

701
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары талқыланды

Оңтүстік Қазақстанда облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалдының төрағалығымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жүзеге асыру туралы жиын өтті. Отырысқа еліміздің ұлттық экономика министрлігі бюджеттік инвестициялар және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту департаментінің директоры Нұрым Аязбаев, «Қазақстандық мемлекеттік жекешелік әріптестік орталығы» басқармасы төрағасының орынбасары Ғалымбек Мамраев, «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік» АҚ вице-президенті Айдос Көбетов және Жамбыл, Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдіктерінің өкілдері қатысты.

Танымдық семинарды ашып берген Д.Сатыбалды Елбасының биылғы жолдауында мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктік механизмін дамыту мәселесіне тоқталып, нақты міндеттерді айқындап бергенін айтты.

– Аталған механизм бюджет мүмкіншілігін ескере отырып, әлеуметтік маңызды нысандарды салу немесе пайдалану үшін қажетті қаржылық базаны қамтамасыз етудің баламалы құралдарының бірі болып табылады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі мемлекет пен бизнестің өзара пайдалы ынтымақтастығын арттырып, ұсынылатын қызметтер сапасын жақсартуға және қажетті инфрақұрылымдарды жаңғыртуға мүмкіндік береді, – деді Дархан Амангелдіұлы.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары талқыланды

Ұлттық экономика министрлігі мен «Қазақстандық мемлекеттік жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ ұйытқы болуымен өткен жиында МЖӘ негізіндегі шағын жобалар бойынша байқау тәртібі мен құжаттарын ықшамдау, жобаға қатысу кезіндегі қарастыру мерзімін қысқарту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жасалған келісім-шарттарды үлгі ретінде ала отырып, оның іске асу барысының тәжирбиесімен бөлісу (дене шынықтыру-сауықтыру, дәрігерлік амбулатория, студенттік жатақхана, балабақша сынды нысандардың құрылысы мен іске қосылуы) мәселелері айтылып, талқыланды.

Ең бастысы, әр облыста сараптама қызметінсіз іске асыруға болатын жобалар іріктеліп алынып, оны қалай жүзеге асыратыны, байқау құжаттары, жоба келісімдері түсіндірілді. Бұл тәсіл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасының іске асу мерзімін екі есеге қысқартып, тиімді нәтижеге қол жеткізуге септігін тигізбек.

«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік» АҚ вице-президенті А.Көбетовтің мәліметінше, осынау жоба аясында өңірлерде 350 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінгі күнге дейін оның 42-нің келісім-шарты түзіліп үлгерген. Ал жалпы, МЖӘ аясында елімізде жалпы құны 1 триллион теңгеден асатын жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр.

Оңтүстік Қазақстанда 2017 жылы жергілікті деңгейдегі 40 жобаны жүзеге асыру көзделсе, оның алтауының бүгінде әлеуетті жекеменшік әріптесі анықталған. Аталған жобалардың дені – балабақша, емхана, спорт кешендері сынды әлеуметтік нысандар. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жүзеге асыру бойынша қазіргі кезде ОҚО республикада алғашқы жетілікке кірсе, алдағы жылы алғашқы бестікке енуді көздеп отыр.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі