Оңтүстікте алдағы жылы 13,8 мың гектар суармалы жер айналымға қосылады

313
Оңтүстікте алдағы жылы 13,8 мың гектар суармалы жер айналымға қосылады

Оңтүстік Қазақстан облысы алдағы жылы негізгі 4 бағытта дамитын болады. Олар: өндіріс, егістік, мал шаруашылығы және туризм саласы. Осы аталған 4 саланы дамытуда аудан, қала әкімдері мен жауапты сала басшылары жұмыстарын жандардыру керек. Бүгін бұл туралы облыстық әкімдікте өткен селекторлық жиында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.

Күн тәртібіндегі күзгі жиын-терім жұмыстарының аяқталуы және ауыл шаруашылығы саласы бойынша 2017 жылға белгіленген индикаторларға қол жеткізу туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл өңірде егістік көлемі 29 мың 300 гектарға артқанымен, жалпы дәнді дақылдар бойынша өнім алу 1 гектардан 24,3 центнерден 22,8 центнерге кеміген. Сондай-ақ, биыл мақта алқабының да көлемі 25 мың гектарға артық егілгенімен, өткен жылдан әр гектардан өнім алу 2,6 центнерге азайған. Мамандар мұның себебін егістік көлемінің артып, зиянкестердің көбейіп кетуімен байланыстырады.

— Биыл мақтадан бөлек, масақты дақылдың түсімі мен алынған өнімі былтырмен салыстырған азайғанын байқап отырмыз. Мысалы, 2016 жылы әр гектардан 20,2 центнер масақты дәнді дақылдары алынған болса, биыл әр гектардан 18,3 центнер өнім алынды. Мақтаарал, Созақ аудандары және Түркістан, Кентау қалаларынан басқа барлық аудандарда өнім алу көрсеткіштері азайып отыр, — деді Серік Ордабекұлы.

Биыл Оңтүстік өңірі көкөніс пен бақша өнімдері өндіруде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген. Жаңа бағыт ретінде жаңғақ пен бадамша егу жұмыстары да қарқын алып келеді. Алдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 7 мың гектарға артып, 825 мың гектарға орналастырылады деген болжам бар. Оның ішінде интенсивті баулар 804 гектарға, жаңғақ шаруашылығы қосымша 500 гектарға егіледі деп жоспарлануда. Алдағы жоспарларды бүгіннен бастап пысықтауды ескерткен өңір басшысы егістік көлемін арттырып қана қоймай, өнім сапасы мен көлемін ұлғайтуға да мән беруді тапсырды.

Оңтүстікте алдағы жылы 13,8 мың гектар суармалы жер айналымға қосылады

— Алдағы көктемгі егін егу жұмыстарына кіріспес бұрын аудан, қала әкімдері, салаға жауапты мамандар тиімділігі мол дақылдарды егу жұмыстарына сараптама жасауы тиіс. Бұл әрекет ауыл шаруашылығындағы егістік жер мен ағын суды мейлінше үнемдеуге мүмкіндік береді. Мақта саласына да жаңа технологияларды ендіру мәселесіне ден қоюды тапсырамын, — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Алдағы жылы облыста 220 гектарға жылыжайлар салынып, жалпы көлемі 1514 гектарға жеткізілмек. Сондай-ақ, 13,8 мың гектар суармалы жер жаңадан айналымға қосылатын болады. Ал, тамшылатып сурару әдісі 8,1 мың гектарға енгізіліп, жалпы көлемі 66, 6 мың гектарға ұлғаймақ.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі