Оңтүстік Қазақстан облысында тұрмыста жасалған қылмыстың алдын алу мақсатында «Тұрмыс» іс-шарасы өтті. Сондай-ақ «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасы аясында акциялар ұйымдастырылды. Нәтижесінде отбасы-тұрмыстық саладағы қылмыстар 5,9 пайызға төмендеді. Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Әбдіғани Сейдуалиев мәлімдеді.
Сонымен қатар қоғамдық орындарда жасалған қылмыс — 26,4 пайызға, ал көшеде жасалған қылмыстар 32,9 пайызға төмендеген. Жалпы орын алған бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстары 12,4 пайызға, мал ұрлығы қылмыстары 18,8 пайызға кеміген.
— Жол-көлік оқиғаларын алдын алу, сондай-ақ облыс жолдарында қалыптасқан жедел жағдайды жақсарту, апат деңгейін азайту, ауыртпашылықты төмендету мақсатында биыл облыс аумағында «Қауіпсіз жол», «Жаяу жүргінші», «Абайлаңыз балалар», «Автобус», «Мас жүргізуші-қылмыскер» жедел-алдын алу іс-шаралары өткізіліп, жалғасуда, — деді Әбдіғани Тойшыұлы.
Әбдіғани Сейдуалиевтің айтуынша, осындай шаралардың нәтижесінде облыс аумағындағы жолдарда болған жол-көлік оқиғалары 5,9 пайызға төмендеген. Алайда облыстық және жергілікті маңызды жолдарда болған 801 жол апатының салдарынан 142 адам қаза тауып, 1133 адам әртүрлі дене жарақат алған.
Бұдан бөлек табиғатты қорғау саласы бойынша 170 қылмысты іс қозғалып, 624 әкімшілік құқық бұзушылық жайты анықталған. Жергілікті полиция қызметінің құрылымдары мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып «Табиғат», «Қызғалдақ», «Уылдырық», «Жер қойнауы» сынды алдын алу іс-шараларын ұйымдастырып келеді.
ОҚО баспасөз қызметі