Оңтүстікте тағы да базар өртенді. Бұл жолы Шымкентте емес, Сарыағаш қаласындағы сауда орталығы қызыл жалынға оранды. Өрт бірнеше нысанға таралған. Киім-кешек дүкендерімен қоса, азық-түлік сауда орындары да түгі қалмай жанып кетті.
Сарыағашта базар өртеніп, саудагерлер шығынға батты. Төтенше жағдай қызметкерлерінің хабарлауынша, мұнда азық-түлік пен киім сататын 5 пластик бутик өртенген. Қызыл жалынның қатты шарпығаны соншалық, сауда орталығының аумағы қара түнекке айналған.
Өрт бірнеше нысанға таралған. Киім-кешек дүкендерімен қоса, азық түлік сауда орындары да түгі қалмай жанып кетті. Тауарлары үшін жанұшырған саудагерлер шелекпен де су тасып, өртті сөндірмек болған. Алайда, қызыл жалын санаулы минуттарда-ақ ғимаратты күл-қоқысқа айналдырды. Өрттің неден шыққаны әзірге белгісіз.
Зарипа Тұрысбекова, ОҚО ТЖД бас маманы: «Өрт Сарыағаш қаласындағы жеке кәсіпкерке тиесілі «Дәулет» базарында орын алған. Алғашқы өрт сөндіру топтары сағат 19:34-те оқиға орнына жетіп келді. Жалынды сөндіруге сөндіру қызметінен 18 адам жеке құрам және 5 техника жұмылдырылды.»
Абырой болғанда оқыс оқиғадан қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Жергілікті билік өкілдері таңертеңнен өрт болған жерге барып, саудагерлермен кездескен. Қазір арнайы топ құрылып, комиссия мүшелері өрттің салдарынан келген шығын көлемін анықталуда. Бірақ, кәсіпкерлердің шығыны өтелер-өтелмесі белгісіз.
Лаура Нахыпқызы