«Сіздің телеарнаңыз — 25-те»

469

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы «Отырар» телеарнасының бас редакторы Зәуре Оралбаева:

     — Биыл «Отырар» телеарнасының 25 жылдығы… Телеарнаға қай жылы келдіңіз, сіздің өміріңізге не сыйлады?

     — Осы 25 жылдың 21 жылында «Отырар» телеарнасында біреуден кеш, біреуден ілгері еңбектеніп жүрген жәйіміз бар. Оған көрермен куә. Басқа жасқа қарағанда 25 жыл ақыл тоқтатқан жігіттің жасы ғой. 25 жыл ширек ғасыр деп жатады. Барлығын тындырып, барлығын еңсеріп тастадық деуден аулақпыз. Себебі тәуелсіз Қазақстанның тәуелсіз теларналарының, тәуелсіз электронды бұқаралық ақпарат құралдары ретінде республикаға танымалмыз. Кезінде спутниктік арна арқылы бізді халықаралық деңгейде тамашалаған көрермендер болды. Бүгінде әлемнің көп елдері ақпараттық порталымыз арқылы таниды. Мұның барлығы да жетістік. Жұмыстың барысында плюстар болады, минустар болады. Бірақ әр плюсті, әр минусты осының мына жағын дұрыс жасадық, мына жағын әрі де жетілдіру керек дедік… Телеарна өндіріс орны сияқты. Өзің жасаған өніміңді өзің көріп те үлгермейсің. Бірақ көрермен үшін аса жауапкершілікпен жасайсың. Оның ішінде өз отбасың да бар. Мына жері дұрыс, мынаусы бұрыс деген пікірлерін айтады… 21 жылдың қалай өткенін өзім де білмеймін. 21 жылдың ішінде өзімнің отбасым құрылған. Отағасым Нұрланмен бас қосқаныма да биыл 21 жыл. Сәйкестік шығар… «Отырар» телеарнасымен біте қайнасып, сол өмірге араласып кеткендігім соншалықты өмірімді телеарнасыз елестету мүмкін емес те шығар. Неше түрлі жобаларды іске асырдық. Әр түрлі бағдарламаларды жарыққа шығардық. Ұжымның арқасында көптеген дүниелер шығардық. Біріне көмек бердік, біріне демеу болдық, бірінің мұңын тиісті органдарға жеткізіп, шешімін таптық. Осылай 25 жыл өте шығыпты. Сол уақыттың ішінде оң жақ, сол жақ, алға қарай даму бәрі болды.

      — Медиахолдинг жасақталып, тілшілерді жан-жақты, жедел жұмыс істеуге үйреткен бірден бір мектеп ол — «Отырар» телеарнасы…

     — Ия, шеберхана деп атайды. Ол рас. Себебі республиканың қайбір телеарнасы, қайбір ақпараттық порталдарын алсаңыз осында 1 ай, 3 ай жұмыс істеп теларнаның не екенін сезінген жастар бар. Кейбірі дүрдей телеарналардың басшылары бүгінде. Бүкіл аймақтық теларналар мен порталдарда жұмыс істеп жатқан басшылардың бірі де осы «Отырар» телеарнасынан шықты. Мен өзім аудармашы болып келгенде телеарнада жұмыс істеу былай болады деп жөн сілтеген адамдар болды. Ол Ольга Каплина және Әлия Бөриева болатын. Ә.Бөриева Бүгінде «Нұр Отан» партиясындағы басшылардың қатарында. О.Каплина интернет журналистиканың хас шебері. «Отырардан» шыққан танымал тілшілер көп. Отырардан ұшқан қарлығаштарымызбен мақтанамыз. Солардың бірегейі Евгений Доробязко, Ильхам Ибрагимов, Дина Төлепбергенова да танымал бүгінде…