Оңтүстік Қазақстан облысында жол-көлік оқиғасының кесірінен 7 адам жарақат алып, бір әйел қайтыс болды. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
2017 жылдың 27 қарашасы күні Төлеби аудандық ішкі істер бөліміне Алматы-Термез тасжолында шағынавтобус пен жүк көлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болғаны туралы суыт хабар түседі. Оқиға орнына келіп жеткен полицей түн ішінде Старекс шағынавтобусы Камаз жүк көлігінің артқы бөлігіне келіп соққанын анықтайды. Шағын автобустағы жолаушылар тойдан қайтып келе жатқан көрінеді. Старекстің 33 жастағы жүргізушісі рөлді игере алмай қалған болуы мүмкін.
Жол апатының салдарынан шағын автобустың 7 жолаушысы әртүрлі деңгейде жарақат алды. Олар облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Араларында 7 және 13 жасар балалар бар. Өкінішке қарай, 36 жастағы азаматша ауруханада қайтыс болды.
Аталған жайт қылмысты кодекстің 345-бабының 3-бөлігімен (көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) СДТБТ-не тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.