«Жастар уақыты» – Әлияның көзімен

588
жастар редакциясы
Жастар редакциясы

1 жыл 2 ай – Оңтүстіктегі тәуелсіз телеарналардың ішінде алдыңғы қатардағы «Отырар-TV» телеарнасына жұмысқа орналасқаныма осынша уақыт болыпты. Бұл мерзім қоғамның бет-бейнесін көрсетіп, халыққа қызмет етіп жүрген телеарнаның 25 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келіп отыр. Осыншама жылдық тарихы бар ұжымның ортасына келіп, нағыз мамандардың қазанында қайнап жүру кез келген адамға бұйыра бермейді. Ендеше өзімнің тәжірибем арқылы «Отырар-TV» тынысымен таныстырайын.

«Қалай жазамын, қалай түсіремін, қандай сұрақ қойсам болады? Мәтінімді қарап беріңізші», – деп жүргенде бір жылдан астам уақыт өтіпті. Кеше ғана директорымыз Валентина Куликованың кабинетіне кіріп, бас редакторымыз Зәуре Оралова екеуімен әңгімелесіп «Жас екенсің, дипломың бар. Саған бір мүмкіндік берейік», -деп жатқан сияқты еді. Міне бүгін ол жандарман бірге еңбек етіп жүрмін.

Мен келген кезде арнаның жұлдыздары Зәуре Оралбаева, Жанат Тохтарбай, Мөлдір Бекеева, Жәмилә Майлыбаева, Мақпал Рысбаева, Шынар Оразова, Нұрлан Күдерұлы, Гүлжан Байназаровалар еді. Қастарында «а» деп ауыз ашуға именемін. Бір күні Ардақ Жақсылықова есімді мықты журналист, жаңалықтар редакторы шақырып алып «Сен осылай жүре бересің бе, телевидениеге неге келдің? Аға-әпкелерің қосыл да съемкаларға бар, мәтін жаз, тексерт, әйтпесе құр босқа уақытыңды жоғалпта мұнда»,-деді. Бұл сөздер серпіліс берді. Күнде келіп, журналистердің алдында қылқиып тұрамын. Сөйтіп жүріп, жастар редакциясының жұмыстарына араласып кеттім.

түсірілім алаңы

түсірілім алаңы

монтаж жұмыстары
Монтаж

«Жас толқын» және «Жастар уақыты» деп аталатын жастардың бағдарламаларына телеарна ерекше мән береді. Себебі баршаға аян шығар, жастар жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі биік болады. Болашақта еліміздің қожасы да, иесі де – бүгінгі жас буын. Олар- біздер. Өңірімізде қазір қоғамдағы барлық салаға атсалысып, белсенділік танытып жүрген замандастарым жетерлік. Міне соларды халыққа таныстырып, олар жасаған игі істерді паш етіп отырамыз. Ал керісінше қоғамдағы жастар мәселесін көріп қалсақ, оны жан-жақты зерттеп, шешімін табуға тырысамыз. «Жастар уақыты» бағдарламасы – өңіріміздегі жастармен бірге өмір сүріп келе жатқан алғашқы және жалғыз бағадарлама.


Күн сайын 11:30-да директордың алдына жиналысқа кіріп, сол күнгі бағдарлама эфирінде қандай жаңалықтар, сюжеттер кету керектігін талқылаймыз. Жұмысқа деген құлшынысымзыды Валентина Куликова жандандыра түседі. Жастар арасында бүгін не сәнді, жастарға не керектігін, қалай жеткізу керектігін бізден көп біледі. Ол кісіден үйренетініміз көп. Сонымен, 30 минуттық бағдарламаның алғашқы бөлімі өңіріміздегі жаңалықтар болса, екінші бөлігінде республика және шет елдегі жастар тынысынан хабардар ететін ақпарларды жинаймыз. Сонымен сол күнгі эфирдің жүргізуші, бағдарламаны жинаушы таңдалады.

Айналдырған бір сағаттың ішінде боянып, шашымызды сәндеп, мәтін жазып, сақадай сай тұрамыз. Иә, осы кезде журналистің ең басты қасиеттерінің бірі – жылдамдық екеніне тағы бір рет көзім жетеді. Редактор мәтінімізді құптаған соң, эфирге жазыламыз. Содан кейін оны арнайы бекітілген монтаждаушымен жинаймыз. Үш қабатты ғимаратта кешенді студиялар, монтаж цехтары, операторлық бөлмелер бір сөзбен айтқанда, бағдарламаларды дайындау үшін барлық қажетті дүниелер бар.Телеарна алдыңғы қатарлы техникалармен жабдықталған. Маңызды репортаждарды дайындау және жаңа идеяларды жүзеге асыруға жағдай жасалған.

Монтаждап болған соң, бағдарлама эфирге жолданады. Мұнымен іс бітпейді, ең бастысы – әр бағдарлама шыққаннан кейін басшылықпен бірлесе отырып, эфирдің қалай шыққанын, жақсы болса жақсы жағын, ал кемшіліктер болса, себебін анықтап, келесіде одан да үздік етіп жасауға тырысамыз.

Жастар редакциясының қазанында бірге қайнап, көп, өте көп нәрселерді үйрендім. Бұл – «Отырар-TV» телеарнасына келген журналистердің міндетті түрде өтуі тиіс баспалдағы. Журналистикаға негіз. Қазір елімізге танымал журналистер, бұл саланың жілігін шағып, майын ішер нағыз «төртінші билік» иелері Дина Төлепберген, Ильхам Ибрагим, Базаркүл Отыншиева, Ғалия Қылышбаева, Бек Абиев, Катерина Попкова, Мирина Низовкина сынды кәсіби мамандар мансап жолын дәл осы жерден бастаған. Тіпті басым бөлігіне болашағына жолды «Жастар уақыты» салып берегені рас.

Нағыз журналистердің отауы – «Отырар-TV» эфирінде бұдан басқа да бағдарламалар жетерлік. «Жаңа күн», «Қала», «Анығын айтсақ», «Мәдениет тынысы», «Ән шашу», «Топжарған» сынды бағдарламалар бар. Ақпараттар қызметі мен сайт жаңалықтары бір бөлек дүние. Барлығына анық, менің екінші үйіме айналған телеорда шынай жаңалықты жылдам жеткізуімен танымал. Телеарнадағы бас редактор Зәуре Оралбаева, жаңалықтар редакторы Нұрлан Бектаев, Ардақ Жақсылықова, Жанар Есенбекқызы сынды жандар бар да, олардың қолдауаларының арқасында бір күні жоғарыда айтылған бағдарламаларда көрініп қалармын деген сенім бар.

оператормен бірге
Оператормен бірге

Бірақ қазір де жұмыс жетерлік. «Отырар-TV»-да барлығына жұмыс табылады, тек ебін тауып, талантыңды ұштай білу керек. Мен журналистиканы жанымдай жақсы көріп, мамандығымды шексіз құрметтеймін. Бұл мамандыққа байып, жағдайымды түгендеу үшін келмедім.Ол маған басқа байлық берді, армандарыма жол ашты. Мысалы журналистикамен қатар кішкентай балалармен жұмыс істегім келетін еді. Міне, ол орындалды. Өз алдына тарихы бар, телеарнада өзіндік орны бар – «Ата-анасыз бір сағат» бағдарламасында да қызмет етіп жүрмін. Аты айтып тұрғандай, бұл хабар балғындардың уақытын қызықты әрі тиімді өткізуге бағытталған. Бес жасар балабақша бүлдіршіндері мен мектептегі он екі жасқа дейінгі оқушылардан құралған жүргізушілер кішкентай көрермендердің көңілінен шығып, өңіріміздің мақтаныштарына айналған. «Отырар-TV» телеарнасын «Журналистер шеберханасы» деп атаса, балалар бағдарламасы араларынан шыққан көптеген тілшілердің алғашқы баспалдағы.

P.S: Журналистің жүрмейтін жері, баспайтын тауы жоқ. Қарлы боранда түзде жүрген малшының жанынан да, кең жазира даладан да, егін орған комбайнердің айналасынан да, жауап беруден қашқақтаған кейбір «жұлдыздардың» да, сара жол сала білген сайыпқыран батырлардың арасынан да кездестіресіз. Қай жерде еңбек адамы болса, сол жерде журналист. «Болмасаң да, ұқсап бақ» дегендей, атым шығып жер жармасам да, елім, жерім, халқым үшін адал қызмет көрсетуге, еңбек адамының жақын досы, сырласы болуға жалынды жас жүрегім мен ояу көкірегім әрдайым дайын.

Әлия ӘДІЛБЕК