Жылу ақысын қалай төлейміз…

353
Шымкентте жылуға да есептегіш құралдар орнатылуда

Шымкент қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беріліп бітті. Облыс орталығындағы жылыту маусымы 20 қазанда басталған болатын. Ал берілген жылуға төлемақы бірінші қарашадан басталып есептелді. Екі күн бұрын тұтынушыларға жылу ақысы есептелген түбіртек таратылды. Ал бүгін қала әкімінің орынбасары баспасөз мәслихатын өткізіп, түбіртекке қатысты түсінік берді.

Үйлеріңізге қараша айында берілген жылуға түбіртек келсе, алаңдаудың қажеті жоқ .Ол түбіртекте көрсетілген соманы 25 желтоқсанға дейін төлеуге болады. Десе де қала басшылығы, мүмкіндік болса, жылудың ақысын ертерек төлесе деп сұранады. Себебі бүгіннің өзінде «3-энерго орталық» «ҚазТранс Газ» компаниясынан 300 млн теңгеден астам қаржыға көгілдір отын алған. Өткен жылдардағы келеңсіздікті қайталамас үшін түбіртектерді ертерек беруге шешім қабылданыпты.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласындағы орталықтандырылған қазандықтан жылытылатын 1181 көпқабатты үйге жылу берілді. Пәтерлер мен жертөледегі ішкі ақауларға байланысты 10-ға тарта үй жылудан ажыратылған. «Қуат жылу орталығының» мамандары мен әкімдіктің қызметкерлері ақаудың себебін анықтап, күн соңына дейін қайта жылу беруге әрекеттеніп жатыр.

Осылайша үй тұрғындарының ауызбіршілігі жоқтан пайда болған келеңсіздікті әкімдіктің қызметкерлері шешуге әрекетеніп жатыр. Ал жылу сапасына қатысты сауалдарыңыз болса, 56-50-43, 56-50-11 телефондары арқылы хабарласып не болмаса Жангелдин көшесіндегі 13 «А» үйге келсеңіздер болады. Абоненттік және техникалық инспекция бөлімдері таңғы сағат 9-дан кешкі 18:00-ге дейін қабылдауға уәделерін береді.

Нұрлан Күдерұлы