«Өнердің шыңы жоқ…»

543

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонақтары — Батырбек Өтеп атындағы дарынды балаларға арналған өнер мектеп-интернатының оқытушысы Дәурен Болысбаев және шәкірттері Мәди мен Мағжан.

— Өнер мектебінен талай таланттың топшысын қатайтып, ұшырдыңыздар. Бүгінде өнер әлемінде өзіндік өрнегін салған өрендеріңіз көп. Жалпы мектептеріңізге оқушыларды қай жастап қабылдайсыздар?

— Батырбек Өтеп атындағы дарынды балаларға арналған өнер мектеп-интернатымызда балалардың өнерін дамытып, талантын ұштау үшін барлық жағдай жасалынған. Облыстың түкпір-түкпірінен келіп, білім алатын балалардың барлығы да дарынды. Еліміздің ертеңгі болашақтары. Өнер әлемінде жарып шығатын ерекше талантты балалар. Мектебімізде бейнелеу өнері, дәстүрлі ән, айтыс, вокал, терме, күй пәні бойынша оқытады. Балаларды 7 сыныптан бастап қабылдаймыз.

— Өздеріңіз ауыл ауылды аралап қабылдайсыздар ма, әлде өздері келеді ме?

— Мектебіміздің әу бастағы мақсаты — ауылдағы өнерлі балаларды, талантты жастарды өнерге баулу болатын. Негізгі мақсаты орындалғандай да. Соларды жарыққа шығару мақсатында құрылған мектеп. Ауылдарға барып насихат жұмыстарын жүргіземіз.

— Байқау арқылы қабылдайсыздар ма?

— Таңдау барысында ән айтықызып, домбыра тартқызып, сурет салуын көреміз. Таланты жарып тұрған балаларды қабылдаймыз.

— Шәкірттеріңіз Мәди мен Мағжан қай ауылдан?

Мәди: — Қазығұрт ауданы Атбұлақ ауылынанмын. Жасым 15-те.

— Мағжан өзің қайдансың?

Мағжан:  — Төлеби ауданы, Тасарық ауылынанмын.

— Дәурен, баланы қай жастан баулыған дұрыс?

— Негізі 10 жастан, 12 жастан бастап баулыған дұрыс.

— Мектеп интернатты бітірген шәкірттеріңіз қайда оқуға кетеді?

— Өнерін дамытамын деген балаға өнер ордалары көп қой. Шымкенттегі саз колледжі бар, Алматыда көптеген оқу орындары бар. Қайрат Байбосынов ағамыздың айтқаны бар еді «60 жастан асқанымда әнді енді енді түсініп келе жатырмын» деп. Сол сияқты әннің мәнін, мағынасын түсіну керек, өнердің шыңы жоқ. Балаға жастайынан домбыра тыңдата беру керек. Құлағына сіңісті болады. Тез үйренеді, тез қағып алады. Әрбір қазақтың қара шаңырағында домбыра болуы керек.