Кәсіпкерлерге кедергі көп

334

ОҚО кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Кеңесте кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы саласында туындайтын әкімшілік кедергілер туралы мәселелер қаралды. Әсіресе, ауыл шаруашылығын дамыту саласындағы қиындықтар талқыланды. Кеңеске келушілер саладағы көптеген келеңсіздіктердің шешу жолын ұсынды. Кәсіпкерлікті дамытуға даңғыл жол ашылып отырған шақта кейбір мемлекеттік қызметкерлердің біліксіздігінен кәсіпкерлер зардап шегуде деп дабыл қақты.

Үкімет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға да, ауыл шаруашылығын көркейтуге де көптеген бағдарламалар қабылданып, қаржы молынан бағытталуда. Алайда «жаны ашымастық» танытып отырғандардың кесірі мыңға тиюде.

Оған мысал көп. Сайрамдық кәсіпкер жылыжай шаруашылығын дамыту үшін субсидияға өтініш білдірген. Алайда ауыл шаруашылығы басқармасынан кәсіпкерге тиесілі қаражаттың тек 72 пайызы ғана төленген. Қалған сомасы аудандық жергілікті атқарушы органның мемлекеттік қызметшісінің қате есептеуінің салдарынан берілмей қалған. Яғни кәсіпкер өзіне тиесілі 726 мың теңгесіне қол жеткізе алмаған.

Мемлекеттік орган тарапынан кеткен қателіктердің салдарынан кәсіпкерлер, дихандар зардап шегуде. Олар кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрап келгеннен кейін ғана белгілі болып отыр. Шын мәнісінде осындай кедергілерге тап болған кәсіпкерлердің қанша екені белгісіз.

Ауыл округтері әкімдерінің сауатсыздығының салқыны кәсіпкерлерге тұсау болып отыр. Оларға жеткізілуі тиіс ақпараттардан кәсіпкерлер дер кезінде хабарландырылмай, көптеген көмектен қағылады. Демек кедергі келтіріп отырған жауаптыларды жауапқа тартатын тетікті қатаңдатпай, «баяғы жартас» сол күйі қала бермек…