«Сан алуан түске малынған сурет әлемі қызықтырады»

588

«Ерекше жандар» бағдарламасының бүгінгі қонағы — республикалық бейнелеу өнері байқауларының жеңімпазы, суретші Әлібек Кішкенбаев.

—  Бейнелеу өнеріне деген қызығушылық пен қабілет қай кезден бастау алды?

— Өзіме бала жастан сурет салған ұнайды. Сан алуан түске боялған сурет әлемі мені қатты қызықтырады. Сондықтан да қолыма қылқалам алып сурет салғанда жаным жай табады. Жастайымнан суреттен, қолөнерден танылып жүрмін. Қызығушылығым мектеп жасымнан 8-9 жасымда басталды. Қазіргі таңда осы мамандықта білім алудамын.

— Ең алғаш қандай байқауға қатыстың?

— Ең алғаш Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған сурет байқауында бірінші орын алдым. 2011 жылы Облыс әкімінің мақтау қағазымен марапатталдым. Сурет салу маған өте жеңіл. Өзім ойымнан, табиғат көріністерін салғанды ұнатамын.

— Суретшілер ой-қиялының жүйріктігімен салады. Қайсы жанр жаныңа жақын?

— Маған көбіне табиғат көріністері жақын. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бейнелеу және сызу манмандығы бойынша білім алудамын.

— Ұстазың кім?

— Мектеп интернатында Нариман ағай көбіне жол көрсетті. Кентау қаласындағы колледжді есеп және аудит мамандығы бойынша бітірдім… Көбіне кешкі уақытта сурет салған ұнайды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында ұйымдастырылатын байқауларға қатысып жүремін.
— Суреттің түрлі жанрлары болады ғой. Қандай түстерді ұнатасың? Қай жанрда қалам тартып жүрсің?

— Өзіме қызыл түс ұнайды. Көбіне сурет салғанда осы түсті қолданамын. Кейде ашуланып, беймаза күй кешкенде суреттеріме қарап өзімді басамын.