Шымкентте қала әкімі Нұрлан Сауранбаевтың төрағалығымен қауіпсіздік мәселелері бойынша жедел кеңес өтті. Онда тұрғындармен алдын алу іс-шараларын жүргізуден бастап үйдегі қауіпсіздік шараларының сақталуын қадағалауға дейін талқыланды.
Еске салсақ, осы уақытқа дейін үш тәулік ішінде қалада 7 адам газдан уланып қаза болды, оның төртеуі жеткіншектер болатын. Оқыс оқиғалардың әрқайсысына қатысты жіті тексеру ұйымдастыру тапсырылды.
Кездесу барысында бірқатар шешімдер қабылданды. Біріншіден, аудандық әкімдік, төтенше жағдай, полиция мен газ жүйесінің мамандарынан арнайы мобильді топ құрылады. Алдын алу жұмыстарын жүргізуге үй және көше тексерушілері жұмылдырылады. Олар арнайы құрылған комиссиямен бірге жүріп, әр мекенжайды тексереді. Биылғы 22 желтоқсанға дейін қаладағы бір үйге, пәтерге барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізумен қатар мұржалары мен газ құбырларын тексеру керек.
Екіншіден, барлық мектепте көмірқышқыл газынан уланудың алдын алу, оны болдырмау жөнінде сабақтар ұйымдастырылады.
Үшіншіден, қала тұрғындарынан техникалық қызмет көрсетуге ақша жинап, алайда қызметіне немқұрайлы қарайтын газ жүйесі бойынша қызмет көрсетуші компаниялардың басшыларымен жиналыс өткізіледі.
Жиында, сондай-ақ, газ дабылдарын орнату мәселесі көтерілді. Бұл мәселелер бойынша келесі кездесу 22 желтоқсанда өтетін болды. Қазіргі таңда әкімшілік пен газ жүйесінің қызметкерлері тұрғындардың тағы да есіне салады: үйіңіздегі газ құбырын, мұржаның бітелмеуін тексеріңіздер. Мұржа жоқ болса, арнайы мамандар шақырыңыздар. Өзіңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігі үшін қарапайым ережелерді сақтаңыздар!