Шымкентте 2250 пәтер тапсырылды

376

Шымкенте 33 800 адам баспана кезегінде тұр. Олар бес санатқа жіктелген. Арасында үйсіз жүрген бір ҰОС-ның ардагері бар. Десе де қалада тұрғын үй кезегі жылжып, баспана үлестіру де қарқын алған.

Өткен жылға өкпе жоқ. Бұл — биыл баспаналы болғандардың қуанышы. Көптен күткен армандары орындалып, қоныс тойын тойлағандар көп болды. Статистикаға сүйенсек, 2017 жылы 2250 шымкенттік жаңа пәтерге кірген.

Мәлік Әбдінұров, тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы: «44 үй қабылданды. Соның ішінде 11 үй тұрғын үй құрылысы жинақ банкі арқылы (558 пәтер), 11 коммуналды үй. Онда 1314 пәтер және де несиелік үйлер бар. «Бәйтерек деволопмент» пен «Самұрық -Қазына» бойынша. Барлығы 44 үй, 2500 пәтер.»

Сала басшысының айтқан 2500 пәтері Нұрсәт және Тұран шағынаудандарында орналасқан. Бес және тоғыз қабатты үйлер заманауи құрылыс материалдарымен салынған. Жаңа көпқабатты үйлердің ауласына жан бітіп, балалар асыр салып ойнап жүр. Қай-қайсысын әңгіме тартсаңыз, үйіне қонақ болуға шақырады.

Жуырда ғана баласы баспаналы болған Баян апайдың қуанышында шек жоқ. «Үй алды деп естігенде қатты қуандым. Баламыз екеуімз алақанымызды жайып, қуанып кеттік. Айналайын, мынау, Назарбаевқа рахмет дедік та жылап жібердік» дейді. Аузынан Алласын тастамайтын кейуана екі бөлмелі пәтерді аралап, сапасында мін жоқ екенін дәлелдеп жүр. Ендігі арманы — үйін жиһазға толтыру. Осылайша балаларына жәрдем бермек ниетте.

Кейінгі берілген 9 қабатты үйлердің қоныстанушылары әлі көшіп келмеген. Есесіне күзет қызметінің жұмысы еселенген. 54 пәтердің кілтін арқалаған азамат енді беріліп жатқан жылу, су, көгілдір отынды қадағалап жалғыз жүр. Жаңа пәтердің аты — жаңа. Асықпай аралап көрдік. Кең бөлмелер өз қожайындарын күтіп тұрғандай сезіндік.

Сонымен саралайық, биыл «Бәйтерек девелопмент» — 336 пәтер, «Самұрық-Қазына»- 321 пәтер, «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі — 279 пәтер, коммуналды 1314 пәтердің кілті тапсырылған. Барлығы 2250 пәтер берілген.

Мәлік Әбдінұров, тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы: «Қазіргі таңда 33 800 адам кезекте тұр. 5 санат бойынша. Соның ішінде ҰОС-ның 1 ардагері, жетім балалар бойынша 1600 адам, әлеуметтік жағдайы әлсіз топтан 12 мыңнан аса адам, бюджет және мемлекеттік қызметкерлер — 16 мыңнан аса. Және соңғы бесінші санат — 31 адам, олар жалғыз үйі апатты деп танылғандар».

Тұрғын үйге мұқтаждардың кезегі жылжып, баспана үлестіріліп жатыр. Десе де әрбір кілт тапсыру рәсімінен кейін үй кезегіне тұрушылардың қатары артады екен. Соңғы үш жылда кезекке тұрушылардың қатары 145 пайызға артқан. Бұл сан жауаптылардың жұмысын жандандырып, жоспарды орындауға үздіксіз еңбек етуге сеп болып отыр. Ал келер жылы одан да көп пәтер тапсыру көзделіп отыр.