Шымкентте құзырлы орган өкілдері кезекті рет пиротехникалық тауарларды тексеруге шықты. Бұл жолы мамандар «Алаш» базарында бақылау жұмыстарын жүргізді. Төтенше жағдай қызметкерлері сауда орнының аумағына кіргенімен, басшылықтың рұқсатынсыз тексеру жұмыстарын жүргізуге дәрменсіз болды. Ал мұны пайдаланған сатушылар пиротехникалық заттарын асығыс тығып жатты.
Қала тұрғыны: «Сендер келем дегенше базардың арғы жағында «хлопушканы» тығып жатыр. Үш нүктеден көрдім тығып жатқанын. Базарға тура кіреберіс жағы. Жарылғыш заттарды тығып қойды. Өз көзімен көрдім.»
Сонымен, саудагерлер пиротехникалық заттарын тығып үлгергеннен кейін базар басшылығы тексеру жұмыстарына рұқсат берді. Ал сағат төртте басталады деген рейдке полицейлер бір сағат кешігіп келді. Базарды ары-бері бақылылаған мамандар заң бұзушылықты байқамады. Тіпті жамылғыш астында көрініп тұрған от-шашуларды байқамай өте берді.
Мұны көрген тілшілер полицейлерге бірнеше сұрақ қойған еді, тəртіп сақшылары теріс айналып кетіп қалды. Бір байқағанымыз мұндай тексеру жұмыстарына төтенше жағдай қызметкерлері ғана білек сыбана кіріседі екен.