Тоғыс су қоймасындағы қауіп сейілді

1350

Бір жыл бұрын апатты деп танылған қойма қайта жаңғыртылды. Қоймаға суды жинау бүгінде автоматты түрде жүргізіледі. Нысанның сыйымдылығы 3,1 млн текше метр. Тоғанның ұзындығы 265 шақырым.

Су қоймасы өндірістік және ирригациялық мақсатта пайдаланылады. Стратегиялық нысан болғандықтан су қоймасында арнайы күзет қызметі тәулік бойы жұмыс істейді.

Тоғыс су қоймасының сыйымдылығы 4,6 млн текше метр. Қазір су деңгейі төмен. Жауын шашын мен қардың аз түсуі су деңгейінің төмен болуының негізгі себебі екен. Нысан өткен ғасырдың 60 жылдары пайдалануға берілген. Содан бері өндірістік және ирригациялық мақсатта пайдаланылып келген тоғанның тозығы жетіп бетонды қабырғалары мүжіліп, қалпы бұзыла бастаған. Апатты жағдайдағы нысанды күрделі жөндеуден өткізу 2016 жылы жүргізілген. Жаңаланған тоған былтыр жылдың соңында іске қосылды.

Тоқтамыс Молдағалиев, «Қазсушар» РМК ОҚОФ директорының орынбасары: «Жапқышты жөндедік, енді автоматты түрде су жиналады. Бұрын қолмен ашып тоғанға су жіберілетін еді. Апатты жағдайда көп жылдар қолданыста болды, Тоғанда жиналған су күрделі жөндеуден өткен құрылымнан өтеді. Қақпалардан бәсеңдеткіш арқылы жіберіледі. Жұмыс қазір оңтайландырылған, автоматты түрде жүзеге асады. Суды жинап жатқан жоқпыз, қазір фосфор зауытына жіберіп жатырмыз, тапсырыс бойынша. Онда өндірістік қалдықтар өртеніп кетпес үшін сулап тұрады».

Төлеби ауданындағы Тоғыс су қоймасының аумағы бүгінде толық жарықтандырылды. Айта кететін жәйт, электр тарату желісінен бөлек арнайы қондырғысы да қарастырылған. Стратегиялық маңызды нысан болғандықтан мұнда бейнебақылау жүргізіліп арнайы күзет қызметі тәулік бойы ауысымда жұмыс жасайды. Қойма аумағы толық қоршалған. Құрылыс жұмыстарымен осындағы Тоғыс-Бадам каналы да қамтылды. Ұзындығы 4,1 шақырым канал бетондалып шаруаларға суды жеткізуге сақадай сай. Ең бастысы су қоймасының күрделі жөндеуден өткені осы төңіректе тұратын халық үшін жақсы болды. Қауіп жоқ, барлығы бақылауда.

Шынар Оразова