«Ақ қан» ауруы алаңдатып тұр…

9377

Шипасы жоқ аурулардың ішіндегі қан рагы, яғни медицина тілінде лейкемия делінгенімен көпшіліктің аузында «ақ қан» деп аталатын аурудың кең етек жайып бара жатқандығы алаңдатады. Қан құрамындағы ақ түйіршіктердің көбеюі салдарынан өлімге соқтыратын қиын дертті емдеуде бір ғана тәсілге сүйенеді. Ол адамның жілік майын ауыстыру.

Байлықтан да қымбат денсаулықтың таразыға тартылар тұсы осы. Дүниежүзілік тәжірибе бойынша жалғыз жолмен емделгеннің өзінде 100 адамның тек 50-і ғана құлан таза айығып кетпесе де біраз жыл жалған дүниенің жарығын көруге мүмкіндігі бар екен. Ал, біздің елімізде мұндай күрделі дертті Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында емдейді. Онда жанына жалау іздеп барған жас балалардың дені оңтүстік өңірден. Түсінікті де. Кезінде өндірісі өрлеген Қорғасын зауыты талай дерттің ошағы болатын. Ағзаға ауыр металдарымен әсер ететін қауіпті заттар талайларды қан қақсатқаны рас.

Дәрігерлердің дәлелдеуінше зауыттан шыққан улы түтінмен «ысталған» адамның қанында ауыр металдар көбейіп кетеді екен. Салдары да оңай емес. Қан құрамы уланған адамның түрлі онкологиялық ауруларға ұшырап, ерте ажал құшуына әкеп соғатын көрінеді.

Қан ауруы қатерлi iсiгiнiң пайда болуына радиация, өндiрiс ошақтарынан шыққан қалдықтар (бензол, химикат, бояу), тамаққа қосатын түрлі концентраттары көп қоспалар, химиялық тазалағыштар себеп болады. Бұл салада аурудың тарихын зерттеп, жіктеп, жіліктеп зерттеген ғылыми еңбектер өте аз. Сондықтан да бұл ауру мынадан пайда болады деп тап басып айту қиын. Бұл ауруды емдейтін дәрiлер өте қымбат. Әйтеуір тегін медициналық препараттардың тізіміне ілігуінің арқасында науқастар тегін емделе алады.

Жыл сайын елімізде 170 бала ақ қан ауруына тұсалады екен. Ал аты жаман ауруға шалдыққан балалар саны 500- ден асып жығылады. 3 жасқа дейінгі балалардың 40 пайызы дерттің қатерлі түріне шалдыққан. Көбіне дүние есігін енді ашқан нәрестелер осындай диагнозбен туылады екен. Өткен жылы 46 бүлдіршіннің жілік майы ауыстырылса, 2016 жылы 16 бүлдіршіннің өмірін дәрігерлер аман алып қалуға септескен.

Дерттің дендеп бара жатқанының себеп салдарын бетінен қалқып қана қоймай, тереңнен іздеген жөн сияқты. Ең бастысы елімізде гемотолог мамандар жетіспейді. Әр өңірде ары кетсе екi-үш гематолог қана бар. Тiптi, кей аймақтарда бiреуден ғана. Басты себеп, әрине, жалақының аздығы. Сондықтан да уақыт оздырмай маман тапшылығын жою басты міндеттердің бірі болып отыр…

Гүлжан Көшерова